Автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу тәртібін қайта қарастыру керек - агенттік
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Көліктерді техникалық байқаудан өткізу тәртібін қайта қарастыру керек. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғимаратында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде іске асырылып жатқан техникалық байқаудан бас тартудың қажеттігі логикасына түсінік бергім келеді. Қазіргі кезде техникалық байқау шаралары бастапқыда жүктелген қызметтерді орындамай жатқанын мойындау керек. Біздің ойымызша, аталған байқау әділ әрі ашық болуы үшін жалпы тұжырымды әзірлегенше, өкілетті органдарға бұл мәселені шешу керек. Сонымен қатар, азаматтық-қоғамдық талқылау қажет», - деді Д.Сабырбаев.
Оның пайымынша, шын мәнінде техникалық байқау ешбір негізі жоқ немқұрайлы шараға айналды. Сондықтан техникалық байқау шараларын қайта қарастыру керек.
«Біз техникалық байқауды сапалы жүргізудің тетігі дайындалғанша, оны уақытша тоқтата тұруды ұсынамыз. Осы орайда өкілетті органмен, қоғаммен, «Атамекен» ҰКП-мен бұл тақырыпты талқылауды бастауды сұраймыз. «Қазіргі күйдегі техникалық байқау бізге керек пе?» деген сауалға жауап беруіміз керек. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде жүргізіліп жатқан техникалық байқаудың жағдайы қоғамдық қауіпсіздік тұрғысында қатерлі. Бұл ретте агенттіктің ұстанымына тоқталсақ, техникалық байқау стансасынан өту форматын қайта қарастыру керек», - деп түйді Д.Сабырбаев.
Өз кезегінде «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабай бұл салада жүргізілген мониторингтің қортындысын жариялады.
Алматы облысы бойынша көліктік қадағалау инспекциясымен бірлесе жүргізілген шара барысында «ватсап арқылы техникалық байқау» сияқты заңсыз қызмет түрлері анықталды. Аталған факті Талдырқорған қаласында тіркелді. Яғни көлікті тиісті орынға кіргізбестен, 6 мың теңгеге техникалық картаны алу мүмкіндігі жасалған.
Мұнымен қоса ол Ақмола облысында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген автокөліктерді заңсыз техникалық байқаудан өткізу оқиғалары анықталғанын айтты.
Республикалық «Ыстық шілде» акциясы шеңберінде шетелде тіркелген автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу туралы талондарды заңсыз әзірлеу қызметтерінің хабарландырулары орналастырылған сайттарға мониторинг жүргізу барысында «Техосмотр РФ», «Техосмотр Армения, Киргизия и Россия в Кокшетау» сияқты хабарландырулар анықталды. Барлығы «OLX» сайтында осындай қызметтерді ұсынатын 32 хабарландыру жарияланған.