Теңізбен түлеген тіршілік
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Бұл сол кездегі саланың озық көрсеткіші.
Арал теңізінің тартылуы 80-ші жылдардан бастап балық шаруашылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорын мен балық аулайтын шаруашылық жабылды. Осының салдарынан балықшылар басқа өңірге көшуге мәжбүр болды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі – камбала глосса балығы ауланған.
Ғасыр жобасы
Арал теңізінің тартылуы мұнда нәпақа тауып отырған халықтың тұрмыс-тіршілігін ауырлатып жіберді. Сол себепті Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасы қолға алынды. Жобаның бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы өз нәтижесін бере бастады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер берді. Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Әйтек су құрылысы кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Нәтижесінде теңіз деңгейі Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады.
Өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік жасады.
Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көрініс тапты. Ауданымызда балық аулау көлемі жыл санап артуда. Мәселен, балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар.
2019 жылға аудан бойынша барлығы 7067 тонна лимит болып бекітілген. Оның ішінде Кіші Арал теңізіне 6678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне 31 тонна тиесілі болып отыр.
Өңдеу саласының өрісі
Ауданда 31 балықшылар бригадасы бар. Оларда 405 адам жұмыс атқарады. Балық аулау үшін қажетті өздігінен жүретін флот, өздігінен жүрмейтін флот, үлкен кеме, шағын кеме, құрма ау, жылым, кермеше ау бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясы Арал инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2019 жылдың шілде айына дейін ауланған балық 865 тонна болса, аудандық статистика басқармасының мәліметі бойынша өңделген балық 1231 тонна деп көрсетіп отыр.
Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасады. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіп-орындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды.
Ауданда жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыттары балықты терең өңдеумен айналысатын болса, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш» шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Атап өту қажет, ауданда «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыты – Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі бар кәсіпорын.
Экспорт экономиканы арттырды
Жыл басынан бері 1446,556 тоннаға жуық балық өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде басым бөлігі Ресей, Польша, Украина, Қытай, Нидерландия, Грузия, Әзербайжан, Германия, Қырғызстан елдеріне жіберілген. Аудандағы негізгі экспорттаушы «Арал СДО» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, ЖК «Кошекбаев Д», ЖК «Караев Ж», ЖК «Кошкарбаев С» кәсіпорындар болып табылады.
Аудан орталығынан 120 шақырымдағы Қосжар ауылында орналасқан Қамыстыбас балық өсіру питомнигі мен оның Тастақ учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтары бар. Оның 1-еуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелініп, құралдарымен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесі мен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы шабақтар жіберіліп өсірілуде.
Кіші Арал теңізінде бүгінгі күнге дейін 18 балық аулау учаскесі болса, олардың барлығында қазіргі кезде ұзақ мерзімге бекітіліп берілген өз иелері бар. Бұдан басқа ауданда 20 көл бар, осы 20 көлдің 16 көлі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. 4 көл резервте болғандықтан, иесі анықталмай, пайдаланылмай тұр.
Салаға серпін берген слет
Аралда 50 жылдан кейін бірінші рет балықшылар слеті өтіп, дәстүрлі мерекеге айналды. Осы шараны жылда атап өту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен 2015 жылдан бастап қолға алынып, ауданымыздағы Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының слеті ұйымдастырылып келеді. 2019 жылдың шілде айының екінші онкүндігінде Арал өңірі балықшыларының V слетін өткізу жоспарланып отыр.