«Қасиетті жол» оңалту орталығы Аралда қабылдау өткізді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қайырымдылық қызметтерді атқару жолында аянбай үлес қосып келе жатқан «Қасиетті жол» оңалту орталығына биыл 5 жыл толып отыр.
Бес жылдан бері үздіксіз медициналық көмек көрсетіп келе жатқан орталық науқастарды мемлекеттік бюджет есебінен емес, еліміздегі қайырымды жандардың арқасында жүзеге асырып келеді.
Аталмыш орталық бүгінге дейін респулика көлемінде ілкімді істердің ұйытқысы болып, сал ауруына шалдыққан балаларға қол ұшын беру жолында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келсе, ағымдағы жылдың 8 шілдесінен бастап аталмыш орталық алғашқы рет өз қызметтерін жергілікті жерде қол жетімді ету мақсатында ауданымызға арнайы келген болатын.
Басты мақсат – ең алдымен сал ауруына шалдыққан балаларға сапалы қызмет көрсетіп, қол ұшын беру. Жалпы республика көлемінде церебралды сал ауруына шалдыққан 26 мыңнан астам бала бар болса, Арал ауданы бойынша бұл санатта 82 бала бар.
Мінекей, осы балаларға арнайы аудан кәсіпкерлері мен еріктілердің демеушілігімен «Қасиетті жол» оңалту орталығының білікті мамандары ауданда болып, жеке кәсіпкерлер ерлі-зайыпты Шынжанов Қуаныш пен Ликерова Мадинаның «Қуаныш» жаңа медицина орталығының ғимаратында сал ауруына шалдыққан балаларға емдеу шараларын жүргізді.
Аталған оңалту орталығының құрамындағы неврапотолог, реабилитолог, ортопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру, логопед - барлығы 14 маман балалармен қатар олардың ата-аналарымен де жұмыс жасап, аудандағы неврапотолог дәрігермен де өзара тәжірибе алмасты.
«Қасиетті жол» оңалту орталығының директоры, Арал ауданының тумасы Нұрқожаева Айнұр Мырзаханқызының айтуынша мамандар тобы аудан бойынша жалпы 92 баланы қабылдап, балаларды емдеу, оңалту бағытындағы кеңестерін беріп, одан әрі жұмыс жасау жолдарын да түсіндіріп берген. Сондай-ақ, бұл жұмыстар аяқсыз қалмайтынын, алдағы уақытта да бұл игі бастаманы жалғастыру жоспарларында бар екендігін жеткізді.
Бүгін «Қасиетті жол» оңалту орталығы мамандарының жүргізген емдеу курсының қорытынды шарасы өткізілді. Аталған шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова қатысып, азаматтық жауапкершілікті жоғары қойған, жаны жайсаң мейірімді жандарға аудан жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.
Концерттік бағдарлама барысында балалар ата-аналарымен бірге ән айтып, би билеп көтеріңкі көңіл күйде болды. Бұл да емдеу шараларының бір түрі дейді мамандар. Шара аясында балалардың ата-аналары да өздерінің риясыз пікірлерін білдіріп, орталық мамандарына алғыстарын жаудырып жатты.
Расында, ел ертеңін ойлап, өңіріміздің болашаққа деген сенімін нығайту үшін жомарттық танытып жүрген азаматтар әрдайым халықтың қошеметіне бөлене бермек.