Ақыл тістерді жұлдыру керек пе?
Бізге бала кезден дені сау адамда 32 тіс болады деп айтқан. Бұл ескірген мәлімет. Ал, шын мәнінде заманауи медицинада 28 тіс норма боп есептеледі. Кейде рудименттердің (қалдық тістер немесе артық тістер) өсуі себебінен ауыздағы тістер саны 32-ге дейін жетеді.
Стоматология тарихына назар салсақ: ежелгі кезде адамдар ет, тамыр сияқты азықты ұзақ шайнау арқылы күн кешірген. Осының салдарынан олардың жақ сүйектері қазіргі адамдарға қарағанда біршама ұзын болған. Сол себепті де ауыз қуысына 32 тіс сыйған.
Біраз уақыт өткеннен кейін адамдар азық-түлікке қажетті көптеген құрал-саймандар ойлап тапты. Енді бұрынғыдай ұзақ шайнап жейтін тағамдарды тұтыну азая бастады. Соның салдарынан адамның жақ сүйегі кішірейіп, керісінше бас сүйегі аздап үлкейді.
Қазіргі күнде барлық адамда 32 тіс бола бермейді. Және бұл қалыпты жағдай. Кей жағдайда адамның жақ сүйегінде бос орын болмаса да аталған ақыл тістер шығуға әрекеттенеді. Әдетті бұл жағдай 17-25 жас аралығында болады.
Ақыл тістерін жұлдыру дұрыс па?
Адамзат ағзасы ақыл тісінен бөлек, басқа да рудименттермен бірге келісіп жасауға үйренген. Мысалы, соқырішек немесе құлақты қимылдатуға арналған бұлшықеттер. Дәрігерлердің айтуынша, рудименттер қолайсыздық тудырмаса, оларға тиіспеген жөн. Ал одан құтыламын деп жасатқан отаңыздың нәтижесі сіз күткендей болмауы мүмкін.
Өсіп шыққан ақыл тістерін мынадай жағдайда жұлдырмаған жөн:
• бүтін және қолайсыздық тудырмаса;
• толықтай өсіп шыққан болса;
• түзу, қисаймай өссе;
• тіс тазалау кезінде қиындық тудырмаса;
• жақ сүйекте қажетті орын болса;
Бірақ кейбір стоматологтар рудименттер уақыт өте проблема тудыратын, бәрібір жұлып тастайтын артық тістер деп есептейді. Бірақ оларды сақтап қалу да маңызды. Мысалы басқа тістерді жұлдырған кезде протезді бекіту үшін ақыл тістер қажет. Егер сіздің ақыл тістеріңіз ауырмаса, оны жұлдырып тастаудан бұрын білікті тіс дәрігерінен кеңес алғаныңыз жөн.
Қандай жағдайда ақыл тістерін жұлдырған дұрыс?
1. Ақыл тістер қызылиекті жарып шыға алмаса; Мұндай жағдайда ақыл тістер адамға қолайсыздық тудырады. Тамақ жеу кезінде ауырады. Нәтижесінде қызылиекте ісік пайда болады.
2. Ақыл тісі толық өспеген жағдайда; Жақ сүйегінің шетіне тіс щеткасының жетуі қиын. Тіс тазалағанда бұл жағдаймен күнделікті бәріміз де кездесеміз. Ал толық өспеген тіс тісжегінің ошағына айналатыны табиғи жағдай. Олар уақыт өте келе басқа сау тістерге өтеді.
3. Ақыл тістері қисық болса; Ақыл тісі шығатындай жақ сүйегінде жеткілікті орын болмаса, шығып жатқан тістер ұдайы қозғалыста болады. Орын іздеп басқа тістерді орнынан қисайтады. Кейде тісте болатын аурулар осының салдарынан келіп шығады.
Ақыл тістерден қалай құтылуға болады?
Бұл процес стоматолог-хирургтың қызметі. Ауыз қуысындағы аурудың себебін стоматолог анықтайды. Егер ақыл тісінен құтылу керек болса, стоматолог-хирург мұны қиындықсыз жүзеге асырады.
Егер басқалай қиындықтар кездеспесе, ақыл тістерін жұлуға 1-2 минут қана уақыт кетеді. Басқа да мәселелер туындаса, стоматолог седатив (ұйықтататын дәрі) препараты арқылы ота жасайды.
Ақыл тістерін жұлдырғаннан кейінгі сауығу уақыты 5 күннен 2 аптаға дейін созылуы мүмкін.