Тұсаукесер: Баланың аяғына не себепті ала жіп байланады?
Атам қазақ баяғыда тұсаукесерді қалай өткізген? Бала қашан қаратабан болады? Қазақ баласының келешегіне не тілеген, қандай кәде жасаған? Баланың тұсауын кім кесуі тиіс? Тұсау кескен адамға қандай сыйлық жасайды? Баланың аяғына не себепті ала жіп байланады? Тұсаукесердің мән-мағынасын толық білесіз бе?
Бала бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң қаз-қаз басады, қара табан бола бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап бет алады.
Сөйтіп ең алғашқы тіршілігін бастайды. Мұны ежелден түсінетін қазақ баласының келешегіне ақ жол тілеп тұсау кесер деген кәдені істейді.
Тұсау кесерге мал сойылып, жұрт жиналады, көбінесе әйелдер. Баланың анасы ала-құла шуда жіптің екі-үш қарысын дайындап, оны ауылдағы ең бір желаяқ, пысық әйелге беріп: «Ал, балаңның тұсауын өзің кес!» - дейді.
Ол жіпті алдымен баланың екі аяғына байлап, оны жұрттың көзінше кеседі. Бала анадайдағы анасына қарай тәлтіректей жөнеледі.
Тұсау кескен кісіге бір киім не мал береді. Міне, осыдан бастап кішкене қазақ өзінің өмір жолын бастайды. Пәнидегі тіршілігінің ізімен жер бетін шимайлайды. Әке шеше бала тәрбиесінің алғашқы қадамына кіріседі.
Тұсау кесу – қазақтың өмір сапарының алды. Мұны сәтті бастасын деп ырым жасағаны, бір жағынан тәңірге құлшылық жасап адақа бергені. Осы арада «баланың аяғына не себепті ала жіп байланады? Қара, қызыл, көк жіп неге байланбайды?» деген саұрақ туады.
Бұл сұраққа танымал қаламгер, жазушы Ахмет Жүнісов былай деп жауап береді.
«Мұның мәнісі мынада: қазақ баласын ептеп ұға алатын, айтқанды істейтін кезінен – осы тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырындылыққа барма, жолама деп баулиды. Бірінші – баланың келешегіне жол ашу, ақ жол тілеу. Екінші – біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді. Үшінші – аяқтағы жіптің ала болуы да, оның кесілуі де өсиетімізді орында, айтқанды істе, ондайдың жолын кес, біреудің бір құлаш бас жібіне жолама, тіпті бұзауға мойыншақ, көгенге бұршақ болатынын алма дегені», - дейді жазушы.
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері әдет-ғұрпына қатал қараған. Әр салт-дәстүрінде терең мағына, тәрбие, тілек, бата жатыр. Кейбір ата салттың әлібі мен биін біле жүргеніміз абзал.