Бұрынғы әскери қызметкерлер баспанамен қамтамасыз етіледі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Былтыр жыл басынан бастап жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның аясында қазір жұмыс істеп жүрген әскери қызметшілер ғана емес, сонымен қатар 10 жылдан 20 жылға дейін қызмет жасап, осы саладан кеткен қызметкерлер де үйлі бола алады. Бұл жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұратын азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешпек. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі еліміздің ірі қалаларында жекешелендіруге жатпайтын баспаналарды айырбастау жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.
Дастан Қабдуллаев осы жылдар ішінде отбасымен әскери бөлімнің жекешелендіруге жатпайтын пәтерінде тұрып келген еді. 2016 жылы зейнеткерлікке шықты. Алты балалы жанұя баспана мәселесін шешуге келгенде жаңа бағдарламаның мүмкіндігіне сүйенді.
«Үй алып жатқанымызға бір ай ғана болды. Балалар кең жерге келіп аунап-қунап жатыр, мектепке де жақын екен. Бала-шағамызбен осы үй бұйырып тұр екен. Қорғаныс министрлігіне көп рақмет, қызметкерлерін далада қалдырмай, үймен қамтамасыз етіп жатыр», - дейді бұрынғы әскери қызметкер Дастан Қабдуллаев.
Бұдан бұрын әскери қызметте 10 жылдан астам, бірақ 20 жылдан кем қызмет атқарып зейнеткерлікке шыққан әскери қызметшілер жергілікті атқарушы органдардың есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ол үшін жұмыстан шыққаннан 3 жыл бұрын үй кезегіне тұру керек болған. Қазір бұл мәселе оң шешімін тапты.
«Тұрғын үй қатынастарына және әскери қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілді. 10 жылдан астам, 20 жылдан кем емес әскери қызметте болған. Олар жабық қалашықта тұратын үйлерін ашық қалашықта тұратын үйлерге алмастыру көрсетілді және ол заңмен белгіленді», - дейді ҚР ҚМ тұрғын үй басқармасының бастығы Бауыржан Зекенов.
Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, еліміз бойынша мұндай топқа жататын 700-ден артық әскери қызметкер бар. Жыл аяғына дейін олардың дені баспанамен қамтамасыз етілмек. Бүгінгі күні 50 отбасы әскери қалашықтағы пәтерлерін жекешелендіруге жататын тұрғын үйлерге ауыстырып үлгерді.