«Болашақ экспонат» жобасына қатысушылар көбейді
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мектеп оқушылары арасында «Болашақ экспонат» жобасын ұйымдастыруда.
Жоба ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауы бойынша жүзеге асырылып келеді.
Жобаның мақсаты – музей экспонаттары көмегімен тарихи кезеңдерді толық зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, әр экспонатты сөйлету арқылы білім мен тәрбиені жастарға егіз беруді көздейді. Сондай-ақ ұрпақты музейге шақырып, тұлғаның шығармашылық дамуын жүзеге асыруды мақсат тұтып отыр.
Жоба аясында оқушылар қазіргі таңда құнды және қолданыстан шықпаған дүниелерге (материалдық және материалдық емес) жастар өзіндік көзқараспен қарап, бүгінгі дүниенің ертеңгі жәдігер екенін ұғынып, сипаттамасы мен тарихын жастардың өздері түсіндіруі тиіс. Жастар болашақ экспонаттың ерекшелігі мен құндылығын өзіндік деңгейде саралап, орнын басқан дүниелермен салыстыра отырып, халыққа жеткізеді.
Облыстық музей оқушыны арнайы видеоға түсіріп, оны ғаламторға жүктейді. Байқау жеңімпаздары ашық дауыспен, яғни «like» санына қарай анықталады. Ағымдағы жылдың әр тоқсаны сайын жеңімпаздар жарияланып, дипломдармен марапатталады.
Биылғы жылдың ІІ тоқсанындағы нәтижесі бойынша жүлделі ІІІ орынды М.Сужиков атындағы №6 орта мектептің оқушылары В.Васильева, А.Әлішер және Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенттері Қ.Досым мен А.Бекбаев иеленді. Ал ІІ орын мінберінен №2 «Мұрагер» мектебінің оқушысы Н.Ералиева көрінді. Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Нұрмаханова І орынды қанжығасына байлады.