Қызылордалық елордаға барғаннан гөрі Мәскеуге жету арзан екенін ашып айтты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордалық белсенді азамат өз елордасынан гөрі көрші елдің астанасына бару арзан әрі қолжетімді екенін айтып, ренішін білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Өз астанамызға барғаннан гөрі, Мəскеуге бару арзанырақ жəне билеттері қолжетімді. Əлі Кеңес одағында өмір сүріп жатқандаймыз. Барлық тəуір жолдар: темір жол жəне тас жол (трасса) Мəскеуге қарай бағытталған", - деп жазады Жасұлан Серікұлы өзінің желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, "тәуелсіздігімізге 28 жыл болса да, өңіраралық жолдарымыздың көбі өте қатты шаршаған".
"Еліміздің астанасына 21 жыл болса да, оған тікелей не көлікпен, не теміржолмен де бара алмаймыз. Басымызды қатерге тігіп жаман жолмен жүреміз немесе Қазақстанның жартысын айналып зорға жетеміз", - дейді ол.
Жасұланның ойынша, Қызылорда - Жезқазған сияқты трассасы жоқ бағыттар елімізде көп. "Солардың жолын неге жаңадан салмайды? Осы менің негізгі сұрағым!", - деп сауал жолдады белсенді.
"Олар өздерінің негізгі функционалды міндетін де орындамай отыр: қажет кезде билет жоқ, бағасы қарапайым халыққа қолжетімді емес.
Осыған қарап, кейде мыңдаған қызметкері бар алпауыт ұлттық компаниялар мен оларды бақылайтын/реттейтін мемлекеттік мекемелердің жоқ болғаны да дұрыс па деймін", - деп қынжылды Жасұлан Серікұлы.