«Сарыарқа» магистральді газ құбырының тең жартысы тартылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Сарыарқа» магистарльді газ құбыры жыл соңына дейін салынып бітуі тиіс. Ұзындығы мың шақырымнан асатын бұл құбырдың басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді.
Қазір құрылыс жұмыстарының тең жартысы аяқталған. Шамамен 2200 адам еңбекпен қамтылып отыр. Ел экономикасы үшін аса маңызды жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асыруда.
«Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» магистральды газ құбырының қазір тең жартысы тартылды. Игі жоба келешекте 3 миллион адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жол ашпақ.
«Қазіргі таңда 531 шақырым дәнекер жүргіздік. Бұл жобаның 50 пайызын құрайды. Жобаға 2200 астам адам және 800 арнайы техника тартылған», - деді «Астанагаз ҚМГ» АҚ өкілі Ілияс Қыстаубаев.
Мамандардың айтуынша, құбырды дәнекерлеу жұмысы әлемнің озық технологиясымен жүзеге асуда. Ол үшін Америкадан арнайы қондырғылар алдырған.
«Мынау жаңа технология, автоматтандырылған. 7 минутта екі құбырды қосады. Тәулігіне 8 шақырым жүріп отырамыз», - дейді бригадир Ибрагим Сапарбаев.
Жобаға сәйкес, болашақта құбыр бойындағы 5 ірі қала мен 119 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Шамамен 6 ай от жағатын бұл ауылдардың барлығы дерлік газға көшкен кезде, өңірдің экологиялық ахуалы да күрт өзгермек. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарына 2200 адам тартылған. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да бар.
«Жұмыс жақсы. Осы компанияда мен 2008 бері жұмыс істеймін. Астанаға қарай газ тартып жатырмыз. Табыс жағынан жақсы. Айлықты уақытында беріп тұрады. Жататын жері, тамақ барлығы жақсы», - дейді инженер-монтаждаушы Талғат Кәрімов.
Магистральді құбыр тартылған соң 2020 жылдан бастап газды үйді-үйге жеткізу жұмыстары басталады. Ол үшін көгілдір отын тарататын 5 бірдей станция салынбақ.