Шабадан жинауға арналған лайфхактар

- Сапарға қажет заттардың тізімін алдын ала жасаңыз.
- Күнде киюіңіз мүмкін киімдерді бір-бірімен үйлестіріп көріңіз және суретке түсіріп алыңыз. Әр киім үлгісіне қажет аксессуарларға дейін ойластырыңыз. Сол кезде ештеңе ұмытпайсыз және демалу кезінде бір жерге шығарда уақыт үнемдейсіз.
- Заттарды жинайтын несессер (қаптар жинағы) алыңыз. Мысалы, аяқ киімге, шалбарға, жейдеге бөлек-бөлек қап алыңыз. Олар шабадандағы орынды реттейді және қажет затты жылдам табуға көмектеседі.
- Киімдерді ораңыз. Оралған киім аз орын алады және киімге қатты қыртыс қалдырмайды.
- Шұлықтар мен ішкі киімдерді аяқ киімге және сөмкеге салыңыз. Ол шабадандағы орынды үнемдейді және аяқ киім мен сөмкенің пішінін сақтауға көмектеседі.
- Қандай киім бірінші кезекте керек болуы мүмкін екендігін ойлап, оларды шабаданның бетіне салыңыз. Қалың және ауыр киімдерді шабаданның ең астына жіберіңіз.
- Әмбебап үлгілер таңдаңыз. Гардеробтың әр затын бірнеше киім үлгісіне келетін етіп алыңыз. Кез келген жағдайға келетін базалық киімдер мен бейтарап түстерді таңдаған жөн.
- Өте қажет заттарды қол жүгіне салыңыз. Сонымен қатар, қол жүгіне багаж жоғалған жағдайда қажет болытын қосымша киім жинағын алыңыз.
- Әртүрлі жағдайға арналған дәрілерді ұмытпаңыз.
- Егер киімдер шабаданға сыймаса, вакуум пакеттерді қолданыңыз. Ол киім көлемін 2-3 есеге азайтады.
- Барлық сұйықтықтар мен кремдерді міндетті түрде пакетке салыңыз. Егер олар кездейсоқ сынып қалса немесе аузы ашылып қалса, пакет киімдерді дақтан құтқарады.
- Ыдысы шағын косметика түрлерін алыңыз немесе арнайы travel-бөтелкелерге құйып алыңыз. Мұндай бөтелкелерге өзіңізге қажет болатын кремдерді немесе басқа да күтім құралдарын құйып алу арқылы шабаданнан орын үнемдейсіз.
- Төлқұжатыңыздың және басқа да кедендік бақылауға қажет бірнеше құжаттың көшірмесін жасап, қол жүгіне де, шабаданға да салып қойған артық болмайды.