Құдайы тамақ… немесе «өзім үшін туған бала»
Бижамал оқу бітіргенше жүрегін селт еткізер жанды жолықтырмағанына онша алаңдай қоймады. Құзырлы жерде істейтін нағашысының арқасында жап-жақсы жерге жұмысқа орналасты. Сол кісінің ықпалымен Алматының ортасынан үй алды. Тұрмысқа шыққан құрбыларының бала-шағасын сүйретіп, пәтерден пәтерге көшіп, арып-ашып, жадап-жүдеп, ақшасын жеткізе алмай, шаршап-шалдығып жүргеніне қарап, өзінің жағдайының оларға қарағанда жақсы екенін білетін.
«Ананы жөндеп алайын, мынаны ретке келтіріп алайын!» деп, тар үйінің әр бұрышын сантиметрлеп өлшеп, дүниеге толтырып жүргенде, сусыған құмдай болып, біраз уақыт өтіп те кетіпті. Даяр дүниеге біреу келе қалатындай әлдекімді күтіп жүріп, жасының қырыққа таяп қалғанын да байқамай қалыпты.
Жұмысындағы бірге істейтін әйелдердің айтқанынан талай жайтқа қанық. Әсіресе, «…Қырыққа іліккен төмен етектілердің бала туу мүмкіндігі азаяды. Оны жас кезімізде әжелеріміздің шешелерімізге жұмбақтап: «арығың суалмай тұрғанда, Құдайдың берген жаман немелерін тауып алыңдар, әрнәрсенің құрт-май алатын өз уақыты болатыны сияқты кейін кеш болып жүрмесін!» деп айтып отырғанын естуші ек… онысы осы климакс екен ғой, біресе тер басып, біресе тоңдырып, өлтіріп бара жатыр…» деген сөздерін мән бермегенсіп тыңдағанымен, жұмыстан келген соң, мұнтаздай боп, мүлгіп тұрған пәтеріне келіп, тамағын ішкен соң, бұрынғыдай алаңсыз демалып, ұйықтай алмайтын болды. Кей түндері көз ілмей шығатын кездері жиілей берді… Өзіне бір орны толмас өкініштің, бір жамандықтың жақындап келе жатқанын жүрегі құрғыр айнымай сезеді. Себебі жасы биыл отыз жетіге толайын деп отыр. Осы есіне түссе, санасы сан-саққа шашырап, ойы онға бөлінеді. Жанын қоярға жер таппайды.
Ешкім де жолықпады, мінезі ауыр болған соң ба, ешкім де қырындамады… Қайда барады? Қайдан табады?.. Құрбы-құрдастары болса, бәрі өз үй ішімен әуре…олардың күйеулері болса, адал дос, жақын құрбы ретінде ғана қарайды. Білетіндердің көбі мұны күнәдан пәк періштедей ме, әлде қасиетті әулиедей ме… бір қызық қабылдайтыны бар… бірақ «осы да – тесік моншақ ау…» деген ой біреуінің де басына келмейтін сияқты.
Бір күні жұмысындағы кассир болып істейтін Дәнехан деген әйел шығып бара жатқан бұны тоқтатып:
– Бижамал, халық әндерін айтатын Жанбосын деген әнші бар ғой? Сол менің бір жақсы танысымның үйіне келіп, қонақ болады екен. Қасында шашбауын көтерген талай өнерпаздар бар. Ағаң командировкада. Ертіп жүретін подругам бар еді, ауырып қалыпты. Жалғыз баруға ыңғайсызданып отырмын. Қолың бос болса, менімен бірге барасың ба? Ертең бәрібір демаласың ғой, – деді.
– Оған қашан бару керек? – деді Бижамал біраз тосылып барып. Бұрын онша араласпаған соң, ыңғайсызданып та тұр…
– Таңертең шығамыз. Машина келеді, – деді.
Бижамал желпілдеп жүретін бұл әйелді онша жақтыртпаса да, «босқа төрт қабырғаға қамалып, теледидарға телміріп отырғанша, ән тыңдап келейін!» деген оймен «жарайды!» деді.
Сенбі күні уәделескен жерге сүліктей қара, шетелдің көлігі сумаң етіп, тоқтай қалды. Ішінен қарны кебежедей, бірақ қимылы ширақ божбан қара шығып, Дәнеханды емен-жарқын құшақтап ернінен сүйіп, қалтиып қарап тұрған бұнымен басын изеп амандасып, көлікке отырғызды. Қастарында өзінен басқа жан жоқтай, еш қымсынбай, екеуі жай таныстардан гөрі өзгешелеу, тым жақын адамдардай сөйлесіп, қаладан әжептәуір алыс бір колхозға келді. Киіз үй тігіліп, мал сойылып, қарбалас тіршілікпен абырсабыр жүрген адамдар божбан қараны ерекше құрметпен қарсы алды. Сөйтсе, ол осы колхоздың бастығы екен.
Бұл жаққа келгелі, жол бойы божбан қараның мойнына асылып, елжірей қарап, еркелеп отырған Дәнехан оны мүлдем танымайтын кейіп танытып, сіресті де қалды. Көп сөйлемейтін Бижамал оған сұраулы кейіппен қарай берген соң, «…әйелінің інілері жүр, бірнәрсе байқап қалса, өсекке ілігеміз…» деді сыбырлап.
Сонымен, кеш тамаша өтті. Мақпалдай маужыраған түнгі ауада небір тамаша халық әндері аспанға әуелеп, құлақтың құрышын қандырды. Балдай тәтті сары қымыз үлкен тегештерде бабымен сапырылып, майы бетінде қара меңдей қалқып, ішкендердің таңлайына татып, сарайын ашып, қандарын қыздырып, көңілдерін көтеріп, жандарын жайлантты. Таудың бөктерінде құйылған ашуы ауызды қапқан «ақаң» да, қызыл күрең коньяк та ішкендерге судай сіңді. Былқылдап піскен тай-дың еті де жегендерді тамсандыра түсті.
Әуелеген әуезді ән, мол дастарқан, таудың найза басына ілінген әсем ай, оның себезгілеген аппақ нұры осы жерде жүрген әйел біткенді хор қызындай сұлуландырып, перизатқа айналдырып жіберген еді.
Бижамал да иісі аңқыған, тұла бойыңды шым-шымдап жайлайтын, буын-буынды білдірмей босаңсытатын, қымбат қызыл шараптан алыңқырап отырды. Өмірінде бірінші рет ешкімнен қымсынбай, даусы таудың биік шыңдарымен тайталасып отырған, барқыттай жұмсақ, даладай кең әншінің қасына жақын отырып алып, оның жаныңды жайландырып, арманыңды асқақтататын әндерін армансыз тыңдады. Әрі-беріден соң, қызған жұрт өз қызығымен кетті де, әнді сүйсініп тыңдаған Бижамал мен әнші ғана қалды.
Ол жалғыз тыңдаушым қалды, қоя-ғояйын демей, небір жауһарларды төгілтті. Көзін жұмып, жан дүниесімен беріліп, ұйып отырған жалғыз тыңдарманына патшаның алдында отырғандай, жан дүниесі діріл қағып, барын салды. Жалған дүниенің барлық тауқыметін ұмытып, ұйып тыңдап отырған жалғыз Бижамал емес еді. Күндізгі дүбірден мазасы кетіп, сұлап-сұлап, тынығып жатқан жоталар да, айналасына ақуыз нұрын себезгілеген аппақ ай да, кеуде жағы мұнарланған биік шыңдар да, алқаракөк аспан да және әншінің өзі де көптен бері бұндай рақатты сезінбеген, қаланың шуынан шаршаған жүрегі де ерекше сезіммен ән құдіретін мойындап, қабылдап, тебіреніп отыр еді.
Бижамал сол түні арыстан көргендей болды. Еркелеткен, икеміне көндірген қолды қақпады… Аймалағанына көнді. Көзінен самайына қарата үнсіз сырғыған көз жасын жайқамастан, мападай көк шөптің үстінде алқаракөк аспанға шалқасынан түсіп, қарап, жараланып, жайрап жатты.
Ай беті шыдамағандай, бір жапы¬рақ бұлттың астына жасырынып қалыпты…
Таң сібірлеп атып келе жатты. Бұл да келіп, бір шетте жатқан Дәнеханның қасына қисая кеткен… Қанша көзін жұмса да, қорбаңдаған әнші ағасы… өз жайы… көз алдында көлбеңдеп, кірпігі айқаспай, құры жатты да қойды… Ертесінде өзін-өзі күткен кәрі қыздың бұла денесі ауырлап, қол-аяғы қара сан болып, тұла бойы дел-сал болып, орнынан әрең тұрды.
Сонымен, бұлар ертесі күні жұмыс болған соң қайтты.
Көп сөйлемейтін бұйығы қыз өз жай-күйін божбан қараның сыйлаған жүзігінен көз ала алмай, өз саусағына өзі сұқтанып, желпілдеп отырған Дәнеханға білдірмеген күйі тымырайып, үйіне келді. Содан болған жайтты жүз рет, мың рет көз алдына елестетіп, сұлқ жатты да қойды. Тіпті шылдырлаған телефонға да жауап бермеді, қоңырауы безектеген есігін де ашпады. Ертесінде зіл көтерем болып, еңсесін бас-қан денесін ауырсынып, кирелеңдеп, әрең дегенде орнынан тұрып, жұмысына барды.
Өмір ағысы оны жаңқадай іліп алып, иіріміне салып ала жөнелді. Айлы түн де, әуелеген ән де, домбырасын күңгірлеткен «ағасы да» ұмытылғандай болды. Тіпті осы басынан өткен жайтты ұмыту үшін жылмаң қағып, дәлізде кездесе беретін Дәнеханның сұлбасын анадайдан көрсе, зып етіп, кабинетіне кіріп кететін болды. Сөйтіп жүргенде, екі-үш ай өтіп те кетті.
Бижамал өзінің бұрынғыдай тамақты талғамай жей беретін әдетінен жаңылып, күріш ботқа жегісі келетінін, майлы тамақ көрсе, қалқыған майынан жүрегі көтерілетінін байқады. «Ойпырым-ай, гастрит болып қалған жоқпын ба?» деген қауіппен доқтырға қаралды. Сөйтсе, аяғы ауыр екен…
Өзі де бұйығы жан мына хабарды естіген соң, мүлдем таныстарының, туған-туысқанның көзіне түспеуге тырысып бақты. Осы екі арада заман өзгеріп, көбі жұмыстан «қысқарып», сүйеуі, демеуі барлар ғана ілдалдалап қалып, көбі бастық-тарына өкпесі қарақазандай болып, басы ауған жаққа кетті. Дәнехан да солардың қатарына ілікті. Сол бір түннен хабардар, жалғыз куә ол да көзден ғайып болды. Бірнеше рет қоңырау шалып, сондай жерлерге шақырған оған мүлдем салқын жауап беріп, ыңғай танытпаған соң, хабарласпайтын болды. Әрине, Бижамал көшеде жүрген, қара жаяу қыздардың бірі емес, жоғары білімді, ұстамды, жан-жақты, қолынан бәрі келетін ақылды жан әрі бір үйдің ақылдасып отыратын үлкені. Сондықтан аяғы ауыр бола салысымен, таудың баурайындағы түнді бірге өткізген әнші «ағасы» жайлы деректердің бәрін білді.
Балалы-шағалы адам екен. Әп-әдемі даусы болса да, шыққан биігі шамалы, қарапайым өмір кешіп жатқан, көп өнерпаздың бірі… Аздап ащы суға әуестігі болмаса, жаман қылықтары жоқ, адамға берері де, алары да жоқ, қатардағы момын жанның бірі екен. Бижамал қашанғы тығылады, айы-күні жақындағанда, сіңлісі мен шешесін алдырып, жағдайын бір-ақ білдірді.
Шешесінің өңі қабарып, біраз отырып:
– Мейлі ғой енді… Жалғыз басың сопайып жүргеннен гөрі қасыңда қарайып, еріп жүрген ботақаныңның бары да жақсы ғой… Әкесі кім? Неге қосылмадыңдар? Сөйлессек бола ма? – деген бастырмалатқан сұрақтары үдеп бара жатқан соң:
– Жоқ, ешкіммен сөйлеспейсіздер! Бұл баланы өзім үшін өмірге әкелейін деп отырмын! – деп, кесіп бір-ақ айтты.
– Қайтеміз енді… Көнеміз ғой… Аман-есен қол-аяғыңды бауырыңа алсаң болды ғой… Көзге көрінген соң, өсіп кетеді, – деп, ана байғұс көз жасын бір сығып алғаннан басқа ештеме айтпай, ішінен балаларының амандығын тіледі.
Бижамалдың сөйтіп тапқан баласы да өсіп, оқуға түсті. Оқуға түскенде, Ұлттық бірыңғай тесттен жиған балы (ұпайы дейміз бе) грантқа жетпей, ақылы бөліміне түсті. Баланың таңдағаны оқу ақысы өте жоғары деңгейде төленетін жоғары оқу орнындағы айтулы факультет еді… «Жалғызбасты ана», «көмек» деген сөздердің қоғам өзгергелі, ескі режиммен құрдымға кеткенін білді. Жар болатын – бір Алла, сосын – өзің.
Ол: «Жалғызымды қайтсем де оқытамын, ешкімнен кем қылмаймын! деп, белін бекем буды. Бір тиындап жинап-тернеп, әрі несие алып, әрі тұрған үйін жалға беріп, өздері жамағайын әпкесінікінде тұрып, оқуын бітірткізді. Осы жылдар ішінде Бижамал мен баласы бір тілім нанның да, әр теңгенің де қадірін жақсы түсінді.
Сөйтіп, қиналып жүріп, оқуын бітірген баласы жұмысқа орналаса алмады. Әр жерге көмекші, үйренуші (стажер) болып бас сұққанымен, еш мекеме алып қалып, орналастыра қоймады. Баласы да тұйықталып, тауы шағылғандай жүдеп кетті. Осы кезде Бижамал өзінің қатты шаршағанын сезді. Жолы болмай жүргендерін «көптен бері осы үйге жөні түзу адам бас сұғып, дастарқаннан дәм татып, бата бермегеннен» деп түйді. Емен-жарқын отырып, біреуге бір шыны шай бере алмағанына өкінді. Көптен бері араласпай кеткен бұрынғы таныстарымен, туыстарымен, достарымен, курстастарымен хабарласа бастады. Бірақ көзден кеткен соң, көңілден де кетіп, қарым-қатынастарының бұрынғыдай риясыз, ақеділ болмайтынына тағы да көзі жете түсті.
Осы кезде жалғызының бойынан байқаған қылықтары да жүйкесіне тиіп, шаршатып бара жатыр еді. «Біреуге бір шыны шай берейік» десе: «Зачем это надо, мама?» деп, барқ ете қалып, дастарханға қойған әр дәмге өзінің аузындағы соңғы нәпақасын жырып алып, беріп жатқандай қарайтынына күйініп: «Баламды тиын-тебен есептеп жүріп, дұрыс өсірмедім бе? Бұның пейілі неден сонша тар болды? Атам: «А, Құдай, өзімді алсаң, ал пейілімді алма!» деп отырушы еді. Сол кезде онша мән бермеуші ем. Осы екен ғой?!» деген берекесін алған сумаңдаған, жаман ойлардан жүрегі суылдап, жарық күні қараң қалғандай, тығырыққа тірелгендей күй кешетін болды. Өзінің тең құрбысын іздеп, әңгімелесуді, шүйіркелесуді аңсайды. Олар болса, бұл баласын өсірем деп, арпалысып жүргенде, аралас-құраластары азайған соң, бұдан тым алыстап, тым бөтен болып кеткен сияқты. Кездесе қалса, лап етіп, жылышырай, жылы ықылас танытқанымен, біраздан соң әңгімелері басқалармен жарасып, бұдан сырғақсып алыстай береді.
Кейінгі кезде бақилық болып кеткен әке-шешесі жиі түсіне кіретін болып жүр. Екеуі үнсіз бұған қарап отырады да қояды… бұл болса жанталасып, асығып, дастарқанын жасап, шақырайын деп бұрылып, олар отырған жерге қараса, кетіп қалғанын көреді. «Қап, бір шыны шай ішпей кеткені ай!» деп, іші удай ашып, қара терге малынып, қиналып оянады.
Өткен өміріне көз салса, өзі әке-шешесінің бақилық болып, көз жұмған жастарынан асып кетіпті. Шешесі алпысқа толмай кетіпті, әкесі пайғамбар жасынан асып, өмірден озған екен. Ал өзі болса, алпыстың бесеуіне толыпты.
Бижамал: «Әке шешем дәметіп жүрген болуы керек, «құдайы тамақ» берейін!» деген шешімге келді. Баласына: «Бір тоқты сойып, Құран оқытып, туған-туысқа, араласып жүрген адамдарға бір шыны шай берейік! Елден бата алсақ, сен де жолың болып, жұмысқа орналасып кетерсің!» деп айтуы мұң екен… көзіне қарап отырған «шырағы» тулады дерсің.
– «Құдайы тамақ!». Взбили голову черти чем? Выходит мертвых кормим? Зачем это надо апашке и аташке? Бәрін шақырып… так всех даром кормить?! Что это!? «Тоқты» это же қой… знаете сколько стоит!? Лучше, давайте копить на машину. Мои друзья уже екінші тачка ауыстырып жатыр. Конечно, у них есть отец… мен болсам, жүрісім мынау, – деп, түсі суып, көзі адыраңдап, әдемі қыр мұрны қусырылып кетті.
Баласының осы сөздерін естіген соң, Бижамалдың мазасы кетті. «Ойпырым-ай, «өзім үшін», «жалғыз қалмауым үшін» дегендей пенделікпен бұл баланы туып едім… Жалғыздықтың ауылы алыстап, төрт құбылам түгел адамдай мәз болып жүргенімде, қу құлқынның қамын ойлайтын, көкірегі көр мал өсірдім бе? «Оқыттым, тоқыттым, дені сау, тамағы тоқ, менің балам ешкімнен кем емес!» дегенім – бекершілік болды ма? Шыңғыс Айтматов жазған мәңгүрттің тағы бір түрін тәрбиелеп өсірген жоқпын ба? «Еркек бала» деп, ата-бабам қасиеттейтін бір ұлды олжадан тауып алып, ойыншығымдай ермек қылып өсіргеніме мәз болып жүргенімде, артымда дұрыс адам қалып бара жатыр ма? Әке көрмеген байғұс кейін үй болғанда, еркектік өз орнын біле ме?.. Отбасылық құндылықтарды бағалай ма? Жоқ, әлде қатынбасша болып, шөміштің сабына қарауыл қойып, қадірсіз боп өте ме?! Ойпырым-ай, бұл қалай болды?» деген ойлар жанын жегідей жей бастады…Ары ойланып, бері ойланып, «құдайы тамақты» баласының көкірек көзін ашу үшін әдейі бермекші болды. Оның әр жалақыдан «ананы аламын, мынаны аламын!» деген қыңқылын тыңдамай, ауыздарынан жырып, жинай бастады. «Осы жетеді-ау» деген межеге келгенде:
– «Құдайы тамаққа» жинаған ақшамыз жетерлік болды. Бата алсақ, сенің де жолың ашылып, жұмысқа орналасып кетерсің! – деуі мұң екен, баласы бастады. Үндемей жүргенге райынан қайтты ма десе, қателесіпті.
– Ма а м, то же мне, «аллауахбар» десе, орналаса қалам ба? – деп бастап еді… мінезі салмақты Бижамал жүрегі қанша сыздаса да, «балам өстіді екен!» деп, тызалақтап, дауыс көтеріп, шаптыққан жоқ. Өңі қашыңқырап, басыңқы дауыспен:
– Сен көп нәрсені түсінбепсің, балам! – деді. – Қазақ болған соң, ата-бабамыздың салт-дәстүрінен, ырым-сырымдарынан, әдет-ғұрпынан баз кешіп кете алмайсың! Олай істесең, жолың болмайды. Әрі-беріден соң, қазақ та бола алмайсың, – деді зілденіп. Ас үйдегі орындықтарды тарсылдатып, жолынан итеріп, киініп, кетіп бара жатқан баласына: – Тоқта! – деді бұйырып. – Ешқайда бармайсың. Құран оқытып, базардан малды сойғызып, басын үйіттіріп алып келеміз. Сен маған көмектесесің! – деді.
«Құдайы тамаққа» арналған дастарқан даяр болды. «Міне, жарты сағаттан соң, қонақтар келуі керек!» деп ойлаған Бижамал:
– Балам, мешіттен молданы ертіп кел! – деді.
Көзін ашқалы әкесі де, шешесі де осы жалғыз анасы болған соң, қанша тосыраңдаса да, қайда барады:
– Жарайды, мама, – деп кетті.
Келген қонақтар кірген жерде, аяқ киім қоятын жәшіктің бұрышында үн-түнсіз отырған үй иесіне амандасып, жақындай бере, шошып тұрып қалысты. Өңі қарақошқыл тартып, ернінің айналасы көгістенген Бижамалдың жүрегі қысылып, жағдайы мүшкіл болып отыр екен. Тез жеткен «Жедел жәрдем» де ештеме істей алмады…
Бижамалдың жалғызының белін ақ белбеумен буып, қолына таяқ ұстатып, «шешеңді осылай жоқтайсың!» деп, есіктің алдына тұрғызды. «Құдайы тамаққа» шақырылған, көбін бірінші рет көріп тұрған туған-туыс, дос-жаран жиылып, ше-шесін арулап жөнелтті. Көбі кетерінде бұған адрес, телефондарын беріп, «жалғыз емессің, хабарласып тұрамыз!» дегенді айтты.
Одан бері көп күндер өтті, көп сулар ақты. Бижамалдың баласы да қазір көңілінен шығатын жұмысы бар, үйлі-баранды, атпал азамат.
Айтпақшы, шешесі бақилыққа аттанған күннен бастап, сол «Құдайы тамаққа» шақырылған адамдар оны жалғыз тастаған жоқ. Жетісін, қырқын өткізіскен соң, «көңіл шайға» шақырып, бәрі баласындай қабылдап, қамқорлықтарын аямады. Ақыры «көңіл шайға» барып жүргенде көзі түскен қызға үйленді. Жұмысқа орналасуына да осы кісілердің септігі тиді.
Шешесінің өлер алдындағы айтқан сөздерін ұмытқан жоқ. Жыл сайын, дәл сол күні «Құдайы тамақ» беріп, туған-туысқанның, дос-жардың басын ылғи қосады. Үлкендерден бата алады.
«Егер, шешем «Құдайы тамаққа» сол күні сонша адамды шақырмаса, мен оларды білмесем, сол күні таныспасам, жалғыз өзімнің көрген күнім не болар еді!? Бір күн мені қандастарым жалғыз қалдырмады, құсадан депрессияға түсіп, өмірден түңілуге мұрша бермеді… Ата-бабамыздың салт-дәстүрінің өзі өмірді, адамдарды қастерлеуден туған ең гуманный дала заңы екен. «Адамның күні адаммен» дегенді бұрын қалай түсінбей келгенмін?
«Шешемнің «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Көптің батасын алсақ, жолымыз болады!» деп айтқан сөздері бекер емес екен…» деген ой басына жиі келеді… Сондықтан қазақтың ырым-сырымдарын, салт-дәстүрлерін ұстанады, қадірлейді.
Бижамалдың баласының қазір жалғыздық көрер жайы жоқ. Тамыры терең жайылған бәйтеректей жайқалып тұр. Артынан ерген бес-алты «күшігі» де өсіп қалды. Заман ағымына ілесіп, қазақтың жаны, қанаты болған жылқы шаруашылығын қолға алып, жеке шаруа қожалығын ашты.
Жанар ӘБДІШОВА