Қызылордада ұрланған ұялы телефондар иелеріне қайтарылуда
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жыл басынан бері қызылордалық тәртіп сақшылар ұрланған 117 ұялы телефонды тауып, иелеріне қайтарды.
Тіркелген ұялы телефон ұрлықтарының басым бөлігі сауда орындарында, қоғамдық көліктер мен аялдамаларда орын алуда, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы мәселеге орай департамент телефон ұрлығына жол бермеу үшін мынадай ұсынымдарға назар аудару қажеттігін ескертеді.
Біріншіден, телефон арқылы сөйлесу кезінде айналаңызға назар аударыңыз.
Екіншіден, өзіңіздің мүлкіңізге немқұрайлы қарамаңыз, көрінетін жерде және назардан тыс қалдырмаңыз.
Үшіншіден, ешқандай сылтаумен тіпті көз алдыңызда тұрған адамдарға телефоныңызды пайдалануға бермеңіз. Мұндай тәсілмен қаскүнем өздерінің ұрлықтарын жүзеге асырады.
Азаматтарға бейтаныс адамдардан ұсталған телефонды (сондай-ақ ломбардтан, базарлардан, басқа да мамандандырылмаған сауда орындарынан) сатып алмауға кеңес береміз. Себебі бұл телефон ұрланған болуы мүмкін, алдағы уақытта полиция қызметкерлерімен анықталып, заңға сәйкес иесіне қайтарылады.
Қорытындылай келе, осындай қылмыс түрі орын алған жағдайда жәбірленуші:
-Тез арада арызбен қылмысты жасаған жер бойынша ішкі істер органдарына немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне жүгіну қажет.
-Арызда жасалған қылмыстық қол сұғушылықтың жағдайын сипаттап, куәгерлер болған жағдайда олардың толық анкеталық деректерін көрсетіп, сондай-ақ ұрланған телефонның ерекше белгілерін сипаттау қажет.
-Арызбен бірге мүлікті пайдалануына құқығын растайтын құжаттарды, сондай-ақ ұялы телефонның IMEI-кодын ұсыну қажет.