Қызылқұм ішіндегі жасыл бақ
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының орталығынан шалғайда, Қызылқұмның ішінде табиғаты қатал Кәукей ауылында жайқалған жасыл бақ бар.
Алғашқыда бұл бақтың құм арасында жайқалып тұрғанына сене қоймас. Алайда Кәукей ауылының тұрғыны Бөрібай Ізімқұлдың үйінің жанындағы бау-бақша жайқалып тұр.
Көп жылдар мемлекеттік қызметте жүріп, жақында ғана зейнеткерлікке шыққан Бөрібай Ізімқұлдың бағына таңырқай қарайтындар жетерлік.
«Қарбаласқа қауырт жұмыстан қолымыз тимейтіні шындық. Сол үшін де әдейілеп көктем шыға салысымен өзімнің еңбек демалысымды алатын едім. Осы уақытта мына жерге бақша дақылдарын егіп, жаңа жеміс түрлерінің көшеттерін де отырғызамын. Жыл сайын бақшаға қызанақ, қияр, қызылша, сәбіз, жуа тұқымдарын сеуіп, күз болғанда бала-шаға рахатын көреді. Бұл біріншіден отбасымды табиғи өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден немерелерім еңбектің наны тәтті екенін көзбен көріп жүр», – дейді Бөрібай Ізімқұл.
Қазіргі таңда бұл бақта 400 түп тал, 100-ге жуық жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Олардың қатарында сары өрік, шие, алма, алмұрт, жүзім, грек жаңғағы, киви, інжір, айба, шабдалы, қарақат бар. Барлығы да көктеп, жеміс беріп тұр.
Әр саналы азаматтың өмірде алдына қояр мақсаты – үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларды дұрыс тәрбиелеу болса, Бөрібай Ізімқұл да осы үш міндетін толық орындаған. Ол 5 бала тәрбиелеп, қазір 5 немересінің қызығын көріп отыр.