«Адалдық алаңы» – елге қажет жоба
Сиракьюс қаласында (Нью-Йорк штаты, АҚШ) орналасқан PRS Group беделді халықаралық америкалық рейтингтік компаниясы 2019 жылдың бірінші тоқсанына арналған елдік тәуекелдердің рейтингін жариялады.
140 елдің ішінде Қазақстан 66-орында орналасты және өткен жылдың нәтижелерімен салыстырғанда елдік тәуекелдердің көрсеткіштерін жақсарта отырып, 69,8 балл жинады. 2018 жылғы 4 тоқсандағы нәтиже бойынша 69,5 балл алған болатын.
PRS Group елдік тәуекелдердің рейтингі саяси, экономикалық және қаржылық тәуекелдерге байланысты үш блоктан тұрады. Саяси тәуекелдер бойынша Қазақстан – 65,5 балл (2018 ж. 4 тоқсанында 64,5 балл), экономикалық тәуекелдер бойынша – 38,0 балл (36,5), қаржылық тәуекелдер бойынша 36,0 балл (38,0) жинады. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда республика екі блок бойынша өсім көрсетті.
Көп жағдайда рейтингтегі осындай ілгерілеу саяси тәуекелдегі сыбайлас жемқорлықты азайту есебінен мүмкін болады. Сарапшылар оны 0-ден 6-ға дейінгі шкала бойынша бағалайды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 3 балл алды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (1,5) көрсеткішін екі есе жақсартты. Ресей – 1,5, Әзірбайжан – 1,5, Беларусь – 2, Армения 2 балл жинады. Қазақстанмен бір орында Италия, Польша, Венгрия, Чехия және Хорватия орналасқан.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнінде ұсынған «100 нақты қадамның» он үшіншісі – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Онда жаңа заңнамалар әзірлей отырып, жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін арнайы шараларды қолға алу тапсырылған.
Осы орайда бизнесті және инвестицияларды қорғауға арналған Protecting Business and Investments жобасы қолға алынды. Оның шеңберінде агенттік 300-ден астам компаниямен ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Олар бизнесті парасыз – адал жүргізуге міндеттелді.
Колледждер мен жоғарғы оқу орындары деңгейінде академиялық адалдық қағидаларын және олардың ашық қызмет көрсетуін нығайтуға бағытталған «Саналы ұрпақ» жобасы қолға алынған. Мақсаты – білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру. Жобаның Стратегиясы елдегі білім беру ұйымдарында озық тәжірибені одан әрі пайдалану мақсатында пилоттық бағыттарды апробациялауға және іске асыруға негізделген.
Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына сәйкес Adaldyq alańy – «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» республикалық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартуды және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюды көздейтін келген кез келген адам қосыла алады. Жобаның негізгі мақсаты – қала мекемелерінде қолайлы жағдай жасау, қызметтерді алу процестерін автоматтандыру және оңтайландыру, олардың қол жетімділігін арттыру және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Міндеті – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты шаралар қабылдау үшін басқа өңірлерде де осындай жұмыс басталды. Жоба аясында «Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы» құрылды. Қазіргі уақытта картада елорданың әлеуметтік нысандары көрсетілген. Жобаның сокураторы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, биылдан бастап Шымкент және Алматы қалаларында да осындай карта әзірленетін болады.Ол бюджетке қатысты ақпараттан бөлек, әлеуметтік желілердегі азаматтардан автоматты түрде шағымдар қабылдай алады.
Сонымен қатар еліміздегі барлық қалаларда журналистер, құқық қорғаушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, келісім-қызметтер, студенттер, оқытушылар, қала құраушы және ірі кәсіпорындардың заңгерлері, әкімдер мен мәслихат депутаттарына арналған Transparency Kazakhstan сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектеп өткелі жатыр. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі халықаралық тәжірибеге, қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларына шолу жасалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданбалы құралдар мен қадамдық ұсынымдар, стратегиялар талданатын болады.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесі
Айта кетейік, құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 2019-2020 жылдарға арналған ісшаралар жоспары құрылған. Онда құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген халықтың сенімін арттыруға және олардың имиджін жақсартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, кадрлық әлеуетті арттыруға, Ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілігін қалыптастыруғажәне сыбайлас жемқорлық көріністеріне қоғамдық төзбеушілікті арттыруға бағытталған іс-шаралар тізімі көрсетілген. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша ІІД және ІІМ басшылары ай сайын кәсіби қоғамдастықпен ашық пікір сайыстар түрінде кездесу өткізуі керек. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және ҚР Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, жол парақтарын жою мәселесін қарастыру, автокөлікті техникалық қарау тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлықты төмендету бойынша ұсыныстарды әзірлеу, ІІМ бизнес-үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру жөніндегі IT-шешімдерді іздеу бойынша АстанаХаб базасында және әлеуметтік желілерде Хакатондар өткізілуі тиіс.