Аттестация тағы өзгере ме - министр мұғалімдердің ұсынысы туралы айтты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді аттестациядан өткізу тәртібін өзгертуге дайын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, аттестацияның жаңа жүйесі бойынша мұғалімдердің кәсіби біліктілігі тексеріледі. Қазір осы жүйенің тәртібін өзгертуге қатысты ұсыныстар бар екен.
"Жақында біраз ұстазбен кездестім. Сонда жақсы-жақсы ұсыныстар айтылған болатын. Мұғалімдер келіп, өз ойларын айтты. Жалпы, онымен келісетін жерлер де бар", - дейді министр Аймағамбетов.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде мұғалімдердің аттестациясы ҰБТ-ға ұқсайды. Бәрін бір уақытта біліктілік тестілеуінен өткізеді. Ал мұғалімдер бұл жүйенің тәртібін мемлекеттік қызметтегі тест тапсыру үлгісінде жасауды ұсынып отыр.
"Олар: "Біз үйде отырып, өтінішті ең бірініші директорға жазамыз, одан кейін директор оны білім бөліміне береді, білім бөлімі министрлікке жібереді. Олай бәрін шулатып жүргенше, өтінішті электронды жүйе арқылы тікелей берсек", - дейді. Содан мемлекеттік қызметтегі сияқты тест тапсыру кестесі ашылады. Мұғалім кестеден қай күні тест тапсыруға болатынын көреді де, өз ыңғайына қарай өтініш береді. Сөйтіп, өзіне ыңғайлы уақытта барып, тест тапсырады. Негізі, министрлік аттестацияны өткізу тәртібін жетілдіруге әрқашан дайын", - деді Аймағамбетов.
Аттестация қалай өзгерді?
Жақында халық алдында есеп берген білім министрі аттестацияның қалай өзгергенін, сондай-ақ жүйені жетілдіру керектігін айтқан болатын. Аймағамбетов айтқандай, бүгінде республика бойынша барлық мектепте 289 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Ал білімнің сапасы олардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан министрлік мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шараларды жүргізіп келеді.
"Мәселен, жоғары және бірінші категорияны алған мұғалімдердің саны он екі мыңға артты. Қазіргі кезде олардың үлесі 54,5 процентті құрап отыр. Былтыр педагогтарды аттестациялаудың жаңа жүйесі енгізілген болатын. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Әрине, бұл жүйенің кейбір тұстарын әлі де жақсарту қажет. Білім министрлігі осы мәселелермен міндетті түрде айналысатын болады", - деді Аймағамбетов есеп беру кездесуінде.
Ескі және жаңа аттестацияның айырмашылығы
Ал мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа жүйесі негізінде 66 мыңнан астам педагог ұлттық біліктілік тестін тапсырды. Соның нәтижесінде 30-50 проценттік үстемақы алып отыр. Министр ескі және жаңа жүйенің айырмашылығын да түсіндірді.
"Аттестацияның бұрынғы жүйесін ата-аналар жиі сынап отыратын. Себебі ол кезде мұғалімдер жай портфолиосын ғана тапсырды. Сөйтіп, олардың қағазбен тапсырылған жетістіктеріне баға беріліп келген. Осыдан кейін министрлік педагогтың нақты тәжірибесін бағалау жөніндегі шешім қабылдады. Сондай-ақ, алғаш рет нақты пән және педагогика бойынша тест енгізілді", - дейді Аймағамбетов.
Қазір мұғалім алдымен өз пәні бойынша, сосын педагогикадан тест тапсырады. Содан кейін ғана оның жетістіктері бағаланады.