Тұрмағамбет ауылында құрылыс қарқынды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылының 60 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық қарсаңында құрылыс нысандары қарқынды жүруде.
Аудан әкімі Сұлтан Мақашов Тұрмағамбет ауылында жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарын көріп, атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.
Атап айтар болсақ, ауылда тәулігіне бір тонна сүт өңдейтін цех құрылысы тамыз айында аяқталып, іске қосылады деп күтілуде. Онда айран, сүт, балмұздақ, ірімшік, балқаймақ секілді бес түрлі сүт өнімі өңделіп сатылымға шығарылады.
Жалпы құны 32 млн теңгеге бағаланған цехта бүгінде әрлеу жұмысы жүргізілуде. Қазір шаруашылық басшылығы цехті керекті құрылғымен жабдықтауда. Кәсіпкер Ресей мемлекетінен құрылғылар алу үшін келіссөздер жүргізуді жоспарлауда.
Сонымен бірге серіктестік есебінен жалпы көлемі 576 шаршы метрді құрайтын 100 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Жаңа ғимарат көгілдір отынмен жылытылатын болады. Жаңа құрылысы тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Ауылдың көркін аша түсетін тұсы орталық алаңы болса, Тұрмағамбет ауылының да ажары айшықталар уақыт алыс емес. Қазіргі таңда ауылдың орталық алаңының құрылысы қарқынды жүруде. Құрылысты «ҚАСИЕТ LTD» ЖШС өз кезеңімен жүргізуде.