Төртінші биліктің тарланы
Тоқсан жылдық тарихы бар облыстық басылым – Сыр елінің сырлы шежіресіне айналды. Қарашаңырақта әдебиетіміз бен баспасөзіміздің талай майталмандары тер төгіп, әр кезеңдегі тыныс-тіршілікті таңбалады. Өткен мен бүгіннің алтын көпірі іспеттес, кешегінің көзін көріп, сөзін тыңдатқан аға буын өкілдеріне құрметпен қараймыз.
Халық үнінің жаршысы болу–аса абыройлы, жауапты міндет. Осындай ұжымға басшылық жасау екінің біріне жүктеле бермейтіні белгілі. Мұндай қызметті журналистиканың біраз соқпақтарынан өткен, тәжірибесі мол, ұйымдастыру қабілеті бар, сонымен бірге шығармашылық жұмыспен айналысатын ұжымның ойынан шыға алатын тұлғалар ғана абыроймен атқарып шыға алады. "Сыр бойы" газетінде осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып, құрметпен зейнеткерлікке шыққан жандардың бірі Жұматәли Әбдіраман ағамыз.
Жұмекең айдынды Арал ауданының түлегі. Осы аудандағы Бөген ауылында 1954 жылы 21 қазанда балықшы отбасында дүние есігін ашқан. Ол жастайынан жазуға әуес болады. Он бір жасында есімі тасқа басылып, жазған мақалалары "Балдырған, "Қазақстан пионері", "Толқын" басылымдарында жарық көріп жатты. Содан бала тілші атанды. Бұл әрине, оған үлкен шабыт әкелді. Журналист болсам деген арманын ұштай түсті. Мектептен кейін бірден оқуға түсе алмай қалған жас жігіт екі жыл әскер қатарында жүрген кезінде де осы ойынан айныған жоқ. Әскерден келгеннен кейін ғана мақсатына жетіп, С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінің студенті атанды. Бұл 1975 жыл болатын. Арман қуып, Алматыға келген кілең "сен тұр, мен атайын" дейтін болашақ ақын-жазушылардың арасында Жұматәли елеусіз қалған жоқ. Бірінші курстың өзінде мақала, репортаж дайындап келу туралы тапсырма берілгенде 4-5 беттік әңгіме, новелла жазып келетін еді. Оның алғашқы әңгімелеріне белгілі жазушылардың пікір білдірген кездері болды. Жұмекеңнің редакторлық жолы университет қабырғасында жүргенде-ақ басталды деуге болады. Өйткені курстағы оқу-тәжірибе газетінің редакторлығы оған жүктелген еді.
1980 жылы университетті бітіргеннен кейін еңбек жолы Сырдария аудандық "Сырдария" газетінде әдеби қызметкерден басталды. Ал 1985 жылы Жақсылық Рахматулла осы басылымның бас редакторы болып келгеннен кейін қабілетті де қаламы ұшқыр журналисті танып, жауапты хатшылыққа бекітеді.
Сыпсың сөз жат, жаны сүйген тазаны,
Бірде макет, бірде очерк жазады.
Үлестіріп отырса да ай сайын,
Ортаймаған қаламақы қазаны, – деген әзіл өлеңін кейіпкерімізге сатирик ақын Орынбасар Әлжік осы жылдары арнаған еді.
Содан соң редактордың орынбасары болды. Ал 1992-1999 жылдар аралығында еңбек жолы облтерадиокомпанияда редактор, телекомментатор, бас редактор болып жалғасты.
Жұмекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті 1999 жылы Арал аудандық "Толқын" газеті баспасының бас редактор-директоры қызметін атқарған кезеңде жаңа қырынан көрінді. Нарықтық кезеңнің қиындықтарын бастан кешіп жатқан "толқындықтардың" жағдайы мәз емес-ті. Жаңа басшы алғашқы сәттен қорғасынмен шығатын газетті компьютерге көшіруді қолға алды. Аудан әкімдігінің қолдауымен компьютерлік орталық алынып, газет Қызылордада офсеттік тәсілмен басыла бастады. Кейін шағын баспахана алып, өздерінде шығаратын дәрежеге жетті. Осылайша "Толқын" газеті облыстағы аудандық басылымдар арасынан алғаш рет жаңа технологияға көшті. Қорғасыннан құтылған сол бір кезеңді байырғы журналистер бүгінде ризашылықпен еске алып отырады. Газеттің 70 жылдығының тойлануы да ауданның рухани өміріне серпін әкелді. Аудандық газет жұмысын бір жолға қойғаннан кейін Жұмекең 2004 жылы облыс орталығына ауысып, "Қызылорда" газетінде редакторлық етті.
Ал "Сыр бойы" газетіндегі еңбек жолы 2006 жылы басталды. Тәжірибесі толысқан, қарымды журналист облыстың бас газетінде өз қолтаңбасымен көрінді. Әсіресе жанына жақын Арал тақырыбын тереңдете жазып, оның өткені мен бүгінін, қайта оралған теңіз тынысын халыққа жеткізуге асықты. Осы жылдары ол бөлім меңгерушісі, бас редактордың коммерция жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
2013 жылы көктемде облыстық газеттің жаңа бас редакторын тағайындайтын шақ туды. Ұсынылған 3-4 кандидаттың ішінен таңдау Ж.Әбдіраманға түсті.
Бас редактор аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағыты мен өңірде іске асырылып жатқан реформалардың орындалу барысы газетте шынайы көрініс табуына үздіксіз жұмыс жүргізіп отырды. Сонымен бірге тақырыптық материалдарға басымдылық беріліп, "Мектептерде ер мұғалім неге аз?", "Сыр күріші бренд бола ала ма?, "Күре жолдарға керуен сарайлар керек", "Арал мұнайы: ақиқат пен аңыз" секілді мақалалар өзекті мәселелерді көтерді. Проблемалық актуалдық тақырыптарға журналистік зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ журналистер облысқа қатысты басталған бастамаларды іліп алып кететін. Тілшілердің "Сарыарқа газы Сырдан бастау ала ма?" деп үш жыл бұрын жазғандары қазір шындыққа айналғанына бәріміз куәміз. "Бозой-Қызылорда-Шымкент" газ магистралын көтерген де облыстық газеттің тілшілері болатын. Қызылорда қаласында дарияның Сол жағалауын трендке айналдырған да "Сыр бойы" болды. Әлбетте ата басылым сонымен қатар осы жылдары атамұра мен ұлттық құндылықтарды құнттап, сал-дәстүрлерді насихаттау, мемлекеттік тілді асқақтату, ұлтаралық, дінаралық келісімді сақтау, патриотизм мен адамгершілік қасиеттерді үндеу бағытынан бір ауытқыған емес.
Газет шығару оңай емес. Оның әр нөмірі ойланудан бастап, түннің бір уағына дейін тынымсыз еңбектен тұрады. Облыс әкімінің сол кезеңдердегі бір басқосуда аймақтың ата басылымының өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары деңгейде жеткізіп жатқанына ризашылығын білдіргенін де өз құлағымызбен естіген болатынбыз. Бұл редакция ұжымының, оның бас редакторының еңбегіне берілген лайықты баға болатын.
Қарымды қаламгердің Арал проблемалары туралы көптеген мақалалары түрлі жинақтарға енді. Ж.Әбдіраман басшылық жасаған жылдары "Сыр бойы" кадрлар мектебіне, ұстаханасына айналды деуге болады. Газет журналистерінің бір шоғыры аудандық газеттердің бас редакторлығына тағайындалды. Олар Жұматәли ағаларынан көп нәрсе үйренген болатын. Ол осы қызметте жүргенде "Сыр медиа" басшылығы қолдауымен ата басылымның 85 жылдық мерейтойының өз деңгейінде аталып өтуіне лайықты үлесін қосты.
Баспасөз саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР Ақпарат министрлігінің, Қазақстан Журналистер одағының, облыстың Құрмет грамоталарымен марапатталды. "ҚР Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісінің иегері. Ұл-қыз өсірген ағамыз жұбайы Қарлығаш екеуі бүгінде немерелерінің сүйікті атасы мен әжесі. Екі аудандық газетке басшылық жасап, облыс баспасөзінің қарашаңырағына жетекшілік еткен ол үлкен өмір мектебінен өтті.
Жұмекеңнің бойынан кешегі аға ұрпақтың кәсібіне берілгендік, адалдық және аз сөйлеп, көп тыңдау сияқты қасиеттерін байқауға болады. Ұстаз тәлімгердің бұл ерекшелігі шәкірттерге таптырмайтын қазына. Бүгінде төртінші биліктің тарланы атанған азаматқа қаламыңмен халқыңа қызмет ете бер демекпіз.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
"Сыр бойы".