Қызылордалық полицейлер мал ұрлығының алдын алу шараларын күшейтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ел тұрғындарының баптап-күткен малдарының бір сәтте жоғалуы кімге болса да оңай тимесі анық. Қырағылық танытпаған жұрт малдарынан айырылуда. Сол себепті мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны анық.
Арқаны кеңге салған кейбір тұрғындар ірі қарасын қараусыз жайылымға жіберіп, ол өз кезегінде малдың кедергісіз ұрлануына жағдай туғызады.
Бүгінгі таңда облыс аумағында мал ұрлығы санатындағы қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында қызылордалық полицейлермен нәтижелі жұмыстар жасалуда.
Ағымдағы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында 159 мал ұрлығы тіркелген (2018 жылы – 220), оның ішінде 16 ауыр қылмыстар (2018 жылы – 5), ал 143 ауырлығы орташа санатындағы қылмыстар (2018 жылы – 215).
Жыл басынан 339 мал басы ұрланып, олардың 117 табылып (немесе 34,5%), иелеріне қайтарылған.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасының және Қызылорда қалалық полиция басқармасы Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлерімен мал ұрлығын жасаған 36 адам ұсталып, олармен 339 қылмыс жасағаны дәлелденіп отыр.
Талдауға сәйкес 65% жағдайда мал еркін жайылымнан, ал қалған 35% ауладан және қоралардан ұрланған.
Соңғы кездері мал ұрлығы қылмыстарының көпшілігі өрісте жүрген малдарды сойып алып кету деректері орын алуда (31-дерек).
Қараусыз жайылып жүрген малды сойып алып кетудің Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында – 7-ден, Жаңақорған – 10, Қармақшы – 4, Жалағаш – 2, Арал ауданында – 1 дерегі орын алған.
Жүргізілген талдауға сүйенсек, мал ұрлығын жасауға бірқатар себептердің ықпал ететіні анықталды:
- біріншіден, бұл малдың өз басымен жайылуы, меншік иелерінің өрістегі малдың сақталуына немқұрайлы қарауы. Малшылармен келісім - шарттық қатынастардың болмауы «еркін жайылу» практикасын қалыптастырады және малдың кедергісіз ұрлануына немесе жоғалуына ықпал етеді. Проблемаларды зерделеу ұрлықтың 65%-ның малдың қараусыз жайылатын жерлерден кешкі уақытта ұрланатынын көрсетті.
- екіншіден, малды ұстау орындары көп жағдайда жабу құралдарымен жабдықталмаған, бұл қылмыскерлерге мал қорасына кедергісіз енуіне мүмкіндік береді.
- үшіншіден, бұл мал иелерінің оларды таңбалау мен сырғалау уақтылы жүргізілмегендіктен, ұрланған малды тануға қиындық туғызады.
Мал ұрлығынан қалай сақтануға болады?
65% мал ұрлығы кешкі уақыттарда еркін жайылымдарда ұрланады, сонымен қатар, мал иелеріне өз шаруашылықтарын қоршалған қоралармен жабдықтау қажет.
Малдарға міндетті түрде таңба салу қажет, бұл ұрланған малды іздеу бойынша жұмысты жеңілдетеді. Мал жоғалған жағдайда жауапкершілік туралы бақташылармен келісім жасасу.
Шаруа қожалығы иелерінің үйірдің жетекшілеріне GPS сигнализаторларын алуы құпталады, ол еркін жайылымда жүрген табынның тұрған жерін анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетерлік жайт, мал ұрлығының алдын алуда полицейлермен жыл басынан 11 жедел-профилактикалық шаралар өткізілді.