Қызылордада журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай "Қанатты қалам – 2019" атты салтанатты іс-шара өтті.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бүгінде Сіздердің кәсіби деңгейлеріңізді қолдау мақсатында халықаралық деңгейдегі маңызы жоғары форум, конференцияларға Сыр журналистерін қатыстыру мәселесі дәстүрге айналып келеді. Мәселен, өткен жылдың екінші жартысында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ірі медиа эксперттер, ақпарат саласының майталмандарының қатысуымен өткен жиындарда тәжірибе бөліссе, Мәскеу қаласында өткен халықаралық медиа шараға қатысып, шығармашылық шабыттарын арттырса, кешегі мамыр айында Алматы қаласында өткен Еуразиялық медиа форумға да Сыр өңірінен бір топ журналист қауымы барып қатысып қайтты. Бұл өз кезегінде аймақтағы журналистиканың уақыт талабына сәйкес дамуына тың серпін берері сөзсіз»,-деді Р.Рүстемов.
Атап өтейік, журналистерді корпоративтік мәдениетке, ұжымдық бірлікке тарту мақсатында өткен жылдың күзінде өңірде БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнир болып өтті. Оған Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары, республикалық басылымдар мен телеарна ұжымдары қатысып, жоғары сипатқа ие болды. Бұл турнирді енді шағын футболдан Қызылорда облысы әкімінің кубогы ретінде дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда
Аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар қызметкерлері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, түрлі номинациялар бойынша арнайы марапаттармен және Сағитжан Бермағамбетов атындағы Жас журналистер байқауының жүлдесімен марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 100 астам бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Онда 2,5 мыңнан астам адам қызмет атқарады.