Кәсіби мерекеде бақ өкілдері марапат биігінде болды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай дәстүрлі "Қанатты қалам - 2019" атты салтанатты шара өтті.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекесімен құттықтады. Атаулы мейрам тек журналистер үшін ғана емес, сонымен бірге кадрдың көркем шығуы мен газет беттерінің әсем болуы жолында жұмыс жасайтын мамандар үшін де маңызды күн. БАҚ өкілдерінің елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің тірегі беки түсу үшін төккен терлері ұшан-теңіз.
Сондай-ақ мемлекеттік идеологияны қоғамда қалыптастыру мен ұлтаралық татулық, бірлік бағытында жасаған жұмыстары да жетерлік. Мұнан бөлек жаһандану дәуірінде елдегі халыққа нақты әрі сенімді ақпаратты дер кезінде дәйектемемен жеткізе білетін мамандық иелеріне деген артылар сенім мен жауапкершілік те жоғары. Осы орайда аймақтағы ақпарат саласында өзіндік орны бар, еңбегі сіңген қарымды қалам иегерлер марапаттың төрінде болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатымен, Облыс әкімінің «Құрмет Грамотасымен», Облыс әкімінің алғыс хатымен бірнеше азамат марапатталды. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған 20 журналист облыс әкімінің арнайы номинацияларымен марапатталды. Сағитжан Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының 3 жеңімпазына бағалы сыйлықтар үлестіріліп, алғысқа бөленді.
Айта кетейік, шара барысында oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі бас редакторының орынбасары Жәнібек Исаев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.