Ауыл шаруашылығы мамандары бас қосты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында «Қызылорда облысы жағдайында егін шаруашылығын әртараптандыру және күріш ауыспалы егісінің жаңа сұлбалары» тақырыбында оқу-семинары өтті.
Онда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Агротехнология, мелиорация және топырақтану бөлімінің меңгерушісі Әсет Тоқтамысов Арал өңірінің егін шаруашылығын әртараптандыру мен ауылшаруашылығын қарқынды дамытудың жолдарын тілге тиек етті. Сонымен қатар жаңа әртараптандыру дақылдарының биологиялық қасиеттері мен шаруашылық маңыздылықтарына тоқталды.
Күріш ауыспалы егісінің жаңа сұлбалары мен жаңа дәнді және майлы әртараптандыру дақылдарын өсіру технологиялары. Бұл туралы Агротехнология, мелиорация және топырақтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Шермагамбетов Камалдин өз сөзінде тарқатып айтып берді.
«Қызылорда облысы жағдайында күріш ауыспалы егістері түгел дерлік инженерлік дайындалған жүйелерде орналасқан және олардың көлемі 159245,3 гектарды құрайды. Оған 277 күріш ауыспалы егісі орналасқан. Түрлі себептермен 31433 гектары пайдаланылмай келеді. Ауыспалы егісте орта есеппен күріштің үлесі 63,4 %-ды құрады. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 75 %-дан асып жығылады», - дейді ол.
Жиында институттың мал азықтары дақылдары секторының аға ғылыми қызметкері Умирзак Аймухамбетов ұстады. Өз сөзінде көпжылдық мал азықтық (жоңышқа, түйе жоңышқа) және қытай бұршағын (соя) өсіру технологиясын айтып, өндіріске енгізіліп жатқан ауқымды жұмыстарын тарқатып айтты.
Семинардың арнайы бағдарламасы бойынша қатысушылар өз біліктіліктерін арттырумен қатар күннің аптап ыстығына қарамастан институттың сынақ алаңындағы нәтижелі жұмыстарға куә болды.
Демонстрациялық алаңдағы әртараптандыру егістерін аралату жұмыстарын «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Байманов жүргізді. Семинарға қатысушылардың от жанарынан аграрлық ғылымға деген құлшыныс пен ыстық ықыласты байқауға болады. Өз кезегінде таңданыстарын да жасырмады. Жүйелі ғылымды зерделеу арқылы мол табыс алуға болатынына көздері жетті.
Облыстың барлық аудандарының сала мамандары, шаруа қожалық төрағалары қатысқан жиында оқуды тәмәмдағаны жөнінде "Атамекен" ҰКП арнайы сертификаты табыс етілді.