Әр істе жауапкершілік бар
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен селекторлық мәжілісі өтті. Мәжілісте алдымен бірқатар тағайындаулар таныстырылды, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Атап айтқанда, ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Рашид Темірбеков Қызылорда облысы экономикалық тергеу департаментінің басшысы болып тағайындалды. Әр жылдары прокуратура және мемлекеттік кірістер органдарында жауапты қызмет атқарған ол биылғы жылдың наурыз айынан бүгінгі күнге дейін Қаржы министрлігі қаржы мониторинг комитетінде басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы қызметіне Ахмет Берлібек Әнуарбекұлы тағайындалды. Еңбек жолын 2000 жылы «Көлік қызметі» мекемесінің инженері болып бастаған. 2003-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінде жауапты қызмет атқарып, 2007-2015 жылдары облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және ай-мақтық даму бөлімінің бас инспекторы, 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық ветеринария басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Мәжілістің күн тәртібінде мұнан кейін ауыл шаруашылығындағы зиянкестермен күрес мәселесі қаралды. Бұл орайда ҚР АШМ АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжанов баяндады. Оның айтуынша, өңірде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы 121 471 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде қажетті химикаттар толықтай аудандарға жеткізіліп берілген. Тиісті техника да дайын. Сонымен қатар облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамта-масыз ету мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылған.
«Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 7 маусымда басталды. Бүгінгі күні Жаңақорған, Қармақшы аудандарында химиялық өңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған аудандар бойынша 77 128 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Аталған жұмыстар шілде айының алғашқы онкүндігінде аяқталады деп жоспарлануда», - деді ол.
Бұл мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов та қосымша мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы жылға барлығы 74 184 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, жергілікті бюджеттен 91 млн теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптау және арамшөптерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 52,9 мың литр гербицид сатып алынған.
Сала басшылары зиянкестермен күрес шараларын жүргізуде ешқандай кедергі жоқ екенін айтты. Яғни, қаржы, техника толығымен шешімін тауып отыр.
Осы ретте облыс әкімі жұмыс жүргізуге ешқандай кедергі болмаса, нәтижесіне сала басшылары жауапты екенін еске салды.
Мәжілісте, сондай-ақ, ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов баяндады.
Бүгінде облысқа эпизоотиялық ахуал тұрақтылығын сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттардың 99,9 проценті жеткізілген. Облыстық бюджеттен бөлінген 205,4 млн теңге қаржыға жануарлардың 6 түрлі эзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық препараттар сатып алынған. Қазіргі күні алдын ала егу жоспары толығымен орындалған.
Басқарма басшысы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмысында мәселе барын жасырмады. Дерекқор базасы мен статистикалық мәлімет арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін айтқан ол ауыл әкімдері, аудандық тиісті сала басшыларының мал санағын жүйелі жүргізбей отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу жұмыстары бойынша атқарылған шараларға тоқталды. Биылғы жылдың эпидемиологиялық маусымына аталған аурудан 123 елді мекен қолайсыз болып анықталған.
«Басқарма мамандары қолайсыз елді мекендерде мал қораларының механикалық тазалануына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, біраз кемшіліктерді анықтады», - деген басқарма басшысы бұл орайда кеңейтілген семинар кеңес ұйымдастырылғанын, сондай-ақ елді мекендерде тұрмысы төмен отбасылардың мал қораларын механикалық тазалау жұмыстарына көмек көрсетілгенін айтты.
Сондай-ақ құжатсыз мал тасымалдау дерегі туралы сөз болғанда аймақ басшысы құзырлы орындармен бірлесіп, аналық малды сыртқа шығаруға шектеу қоюды тапсырды.
«Бүгінгі пайдасын ойлап, аналық малдың бәрін сыртқа өткізген кәсіпкер ертеңгі күні қалай тіршілік жасайды? Малдың саны қалай көбейеді? Ертеңін ойламаған кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысын жүргізу керек», - деді облыс әкімі.
Мәжілісте үшінші – балалардың жазғы демалысының өту барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мәлімдеді. Облыс бойынша 1-10 сынып аралығындағы 145 мың баланы жазғы демалыспен қамту жұмысы басталған. Облыстағы 9 лагерьде жаз соңына дейін 9542 бала демалады. Бүгінгі күні қала сыртындағы лагерьлерде екі ауысымның қорытындысы бойынша барлығы 2584 бала қамтылған. Сонымен қатар жалпы білім беру мектептерінің базасындағы күндізгі және шатырлы лагерьлерде барлығы 96 мың бала тынығады. 39 мыңнан аса бала ата-аналарымен бірге басқа өңірлердегі сауықтыру орындарында тынықса, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан 26 мың бала 100 процент жазғы демалыспен қамтылмақ. Осы мазмұндағы мәліметті баяндаған басқарма басшысы лагерьлердегі кейбір мәселелерді жасырмады. Атап айтқанда, лагерь ғимараттарының ескілігі, сыйымдылық аздығы, штат жетіспеушілігі сынды өзекті мәселелер бар.
«Бүгінде лагерь жұмысы тұрақты бақылауда. Арнайы жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Лагерьлер базасында үйірмелер ұйымдастырдық. Сонымен қатар киіз үйлерде жылжымалы кітапханалар іске қосылды», - деді басқарма басшысы Майра Мелдебекова.
Облыс әкімі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуын, оған тиісті тұлғалар да, ата-аналар да жауапкершілікпен мұқият қарау қажеттігін ескертті.