«Союз МС-11» ғарыш кемесі Қарағанды облысына қонды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Союз МС-11» ғарыш кемесінің командирі Олег Кононенко және америкалық астронавт Энн Макклейн мен канадалық Давид Сен-Жак бүгін Жезқазған қаласының маңына аман-есен келіп қонды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Дәстүрге сай, Қарағанды жұрты оларды «Сарыарқа» әуежайында күткенмен, ғарышкерлер өздерін жайсыз сезінгендіктен, кездесуге келе алмады. Дегенмен өзге мамандар журналистердің сауалына жауап беріп, ғарыштағы жаңалықтармен бөлісті. Экипаж аспан кеңістігінде 204 күн болған. Командир Олег Кононенко 55 жасқа толған туған күнін халықаралық ғарыш станциясында қарсы алыпты. 7 ай ішінде олар 5 рет ашық космосқа шығып, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.
«Ғарышта жүргізілген ғылыми жұмыстардың ішіндегі ең маңыздысы – 3 Д принтерінде биологиялық жасуша басып шығардық. Қарапайым тілмен айтсақ, сіздің соқыршегіңізді операция жасап, кесіп алып тастады делік. Оның орнына 3Д принтерінде басқасын басып шығаруға болады. Бұл медицинада және биологияда үлкен жаңалық болмақ», - дейді Роскосмос өкілі Сергей Прусов.