«Арыс, біз біргеміз»: Қазалылық мемлекеттік қызметшілер бір күндік жалақыларын аударады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының мемлекеттік қызметшілері бір күндік жалақыларын Түркістан облысындағы Арыс қаласының тұрғындарына көмек ретінде аударады. Бұл туралы Қазалы ауданы әкімдігінде өткен арнайы өткен отырыста белгілі болды.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов Арыста орын алған төтенше жағдай ешкімді бей-жай қалдырмайтынын жеткізді.
«Қиын кезеңде отандастарымызға қолдау көрсету – әрбір қазақстандықтың парызы. Еліміз үшін күрделі осы кезеңде баршаңызды бірлесуге және қолдан келгенше көмектесуге шақырамыз», – деді Әлімжан Мұратбайұлы.
Отырысқа қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, Қазалы ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрғиса Жалғасбаев және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосынов қиын сәтте қайырымдылық көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын екендіктерін жеткізді.
Сонымен қатар, ауданда әскери қоймадағы жарылыс кезінде зардап шеккен Арыстың тұрғындарына көмек қабылдау пункті ашылды. Мұқтаж жандарға қажетті заттар мына мекенжай бойынша қабылданады: Әйтеке би кенті, Әйтеке би көшесі, 50, Әйтеке би кенттік клубының ғимараты.