Қызылорданың бас архитекторына сөгіс беріледі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерді беймезгіл уақытта мазалағаны үшін Қызылорданың бас архитекторының тәртіптік ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды.
Әдеп кеңесінің хатшылығына облыстық кәсіпкерлер палатасынан Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының іс-әрекетіне байланысты жолданған хат негізінде қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді.
«Тергеп-тексеру нәтижесімен, Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержанов кәсіпкер Н.Бакеевтің жұбайына түнгі сағат 23:15-те хабарласып, кәсіпкердің құрылысы жүріп жатқан дүкеніне келуін және құрылыс басына барған кезде құрылыстың қоршауын алып тастауын талап еткендігі анықталды», дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Сәкен Жұмаев.
Кеңес мүшелері тәртіптік істі жан-жақты қарап, ҚР Әдеп кодексінде көзделген мінез-құлықтың жалпы стандарттарының бұзылуына жол бергені үшін бөлім басшысы Жақсылық Ержановқа «сөгіс» тәртіптік жазасын көру туралы Қызылорда қаласының әкіміне ұсыныс берді.