Қайсысы пайдалы: мал еті ме, балық еті ме?
Бүгінде ет өнімдерін жеу бұрынғыдай пайдалы дейтіндер аз. Оған бірнеше себеп бар. Зерттеушілердің айтуынша, ет жүрекке зиян, метоболизмді бұзады және адамды ерте қартайтады. Ғалымдар қазір еттің орнына балық тағамдарын жеу абзалырақ екенін айтуда. Бірақ бұған қарсы шығушылар да бар. Олардың пікірінше, балықтың сапасы бұрынғыдай емес. Экожүйенің бұзылуынан, мұхиттың ластануынан балық етінде метил сынабы бар екен.
Балықтың құрамында пайдалы майлар мен D дәрумені бар. Ал кәдімгі етте адамға қажетті темір бар. Сондықтан олардың қайсысын көбірек тұтыну адам ағзасына пайдалырақ болатынын талдап көрейік.
Дания техникалық университеті ғалымдары балық пен мал етінің барлық артықшылығы мен кемшіліктерін салыстыра отырып адамға балық етінен жасалған тағамдар пайдалы екенін дәлелдеп шыққан. Бірақ балық еті адамның жасынан қарай пайдалы болатынын естен шығармаған жөн.
Майлы балық, мысалы сельд, скумбрия жеу немесе майсыз балық пен майлы балықты араластырып тұтыну адам ағзасына өте пайдалы. Ал, тек, майсыз балық жесеңіз, оның падасы да аз болады. Себебі, майлы балық құрамында пайдалы омега-қышқылы жоғары.
Бастысы, тунец балығын жемеу керек. Оның құрамында омега-қышқылы аз, оның үстіне құрамында метил сынабы жоғары. Балық құрамынан табылған метил сынабы жүрек ауруларының туындауына себеп болып, ми мен жүйке жүйесінің дамуына кері әсерін тигізіп, когнитивті функциялардың төмендеуіне әкеледі. Әсіресе жүкті әйелдер тунец балығын жемеуі керек. Себебі тунец жүктіліктің дамуын баяулатады. Ал майлы балықтарды пайдалану керісінше жүкті әйелдерге пайдалы. Сол сияқты 50 жастан асқан ерлер де мал етінен гөрі балық етін жегені абзалырақ.
Адам денсаулығын жақсарту үшін еттен бас тартып аптасына 350 грамм балық етін жеген дұрыс. Мұндағы балықтың 200 граммы майлы балық болуы шарт. Сонымен бірге, ғалымдар балық етін пайдалану D дәрумені жетіспеушілігінен зардап шегетіндерді азаюына алып келетінін айтады.
Сонымен бірге зерттеу жүргізген ғалымдар: "Ешкімді вегетариан болуға шақырмаймыз" дейді. Өңделген ет орнына құс етін жеуге болады. Алайда мұндай өзгерістердің жалпы әсерін анықтау үшін жаңа зерттеу қажет.