Жаңақорғанда ғылыми бағыттағы дала күні семинары өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында ғылыми бағыттағы дала күні семинары өтті.
Ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен Ыбырай Жахаев атындағы ғылыми зерттеу институтының мамандары Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық округінде 5 гектар жерге майлы және дәнді дақылдарды ылғалсақтағыш технологияларды қолдана отырып егу жобасын қолға алған болатын.
Наурыз айында Бесарық шаруа қожалығының базасында таңдалған жерлер өңделіп, аталған дақылдар ылғалсақтағыш «ZEBA» аквагелімен бірге себіліп, күтімге алынып, институт ғалымдарының ұдайы бақылауында болды.
Қазіргі уақытта аталған дақылдар үстеп қоректендіріліп, бидай дақылы қамырлану, мақсары гүлдеу дәуірінде тұр. Дақылдардың пісіп жетілу мерзімдері мамандардың пікірінше қалыпты. Осы аталған инновациялық жобаны Жаңақорған, Шиелі аудандарының шаруашылықтарына жан-жақты түсіндіру, пайдасын салыстыру және көрсету мақсатында далалық семинар кеңес өтті.
Семинарға Жаңақорған ауданы әкімі Ғалым Әміреев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов, институт ғалымдары, шаруашылық құрылымдары мен кәсіпорындар өкілері қатысты.
Шаруашылықтар тарапынан аталған жобаға аса қызығушылық байқалып, алдағы күз айларында және келесі жылы осы әдіспен егіс көлемін көбейтуге ынта білдірді. Осыған байланысты, аталған инновациялық жобаны одан әрі таратып богарлық әдіспен егіс көлемін ұлғайту қолға алынады. Сонымен қатар Ыбырай Жахаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және Жаңақорған ауданы әкімдігі тарапынан тиісті қолдаулар жасалатын болды.