Рухани жаңғыру сабақтастық тапты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тұңғыш Президентіміздің тарихты терең зерттеп, сананы жаңғыртуға негізделген «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жаңа Президентпен сабақтастық тапты.
Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында жан-жақты айтылды.
Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен жиында қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттерінің ішіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыру мәселесіне айрықша тоқтауы сабақтастықтың айқын көрінісі екенін атап, оны әрі қарай жүзеге асырудың өзекті сұрақтарын талқылады.
«Рухани жаңғыру бүгін басталған жұмыс емес. Бұл бағытта елімізде бірнеше ауқымды істер ақтарылды. Мәселен, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. 2013 жылы «Халық - тарих толқынында» бағ-дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жинақталып зерттелді. Әлемдік тәжірибеде, әлемдік дамуда елдік руханияттың қалыптасуын ықпал етіп, санаға өзгеріс әкелетін 100 оқулықты қазақ тіліне аударуға ерекше назар аударылды. Жоба аясында жарық көрген оқулықтар облыс кітапханалары арқылы оқырмандардың ықыласына бөленді. Дегенмен ұлттық болмыс пен сананы өзгертуде әлі де артақар жұмыстарымыз жеткілікті» - деді кеңес төрағасы Ақмарал Әлназарова.
Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, жиында кеңес мүшелері жаңғыру дегенің құр жаңғырыққа айналуына жол бермеу бағытындағы көптеген ұсыныстарды ортаға салды. Мәселен, туған елге, жерге, тарихи мұралымызға деген махаббатты күшейту, тарих қойнауына енген маңызды оқиғалардың мән-маңызын тереңінен зерделеп халыққа ашық жеткізу, бала санасына жасынан сіңіре білу, елдікті, теңдікті, ұлтқа тән дәстүр - ғұрыпты айтатын, ой-сананы жаңғыртатын ақсақалдар, ақылдастар кеңесі, немесе институты секілді жаңа қоғамдық құрылымдар жасақтау секілді көптеген ұсыныстар айтылып, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жүзеге асыруды жолға қою қажеттігі тақырып тұздығы болды.
Жиынды қорытындылаған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, кеңес төрағасы Ақмарал Әлназарова егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса,онда ол адасуға бастайды деген Елбасы сөзін тілге тиек етіп, саясатын жалғастырушы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырды.