Өмірде де, жұмыста да жұптары жазылмаған жандар
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 тергеу изоляторында жұмыс барысында танысып, отбасы құрған жас отбасылар қызмет істейді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін Қылмыстық- атқару жүйесі саласында отбасына берік, антына адал, қызметкерлеріміз қызмет етуде. ЗК-169/1 мекемесінде 10 жылдан аса бірге қызмет етіп келе жатқан ерлі-зайыпты жас отбасы Батырбек пен Айжан туралы болмақ.
Шаңырақтың ұйытқысы, берекесі, отбасымен қызметін қатар алып жүрген Айжан 1988 жылы 16 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген, үш қыздың тұңғышы. «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар» демекші ата-анасынан жақсы тәлім-тәрбие алған Айжан анасына ұқсап медицина қызметкері болсам деген арманмен 2003 жылы Қызылорда медициналық колледжіне «мейірбике ісі» мамандығына оқуға түседі. 2007 жылы жақсы көрсеткіштермен тәмамдап, диплом алады. 2008 жылдың мамыр айынан Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 тергеу изоляторында медбике болып еңбек жолын бастаған Айжан қазір әділет старшинасы.
«Жүрек қалауыммен таңдаған мамандығыма еш өкінбеймін, медбике шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Себебі біз арнайы контигентпен жұмыс жасаймыз.Сотталғандармен айыпталушылар мекемеге келген күннен бастап, профилактикалық толық тексеруден өткіземіз, дәрігерге көрсетеміз»,- дейді әділет старшинасы Айжан Күмісбекқызы.
Айжанның жолдасы да осы салада қызмет етеді. Әділет аға старшинасы Батырбек Өмірбекұлы 1985 жылы 3 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №43 Ж.Махамбетов атындағы мектепті 2003 жылы ойдағыдай аяқтап, «Болашақ» университетін бітірген Батырбек «құқықтану» мамандығын алып шығады. Отан алдындағы борышын 2006-2007 жылдары Петропавл қаласында өтеген. Мамандығы бойынша ЗК-169/1 тергеу изоляторына 2009 жылы бақылаушы болып жұмысқа орналасқан Батырбек қазіргі уақытта аға бақылаушы. Өз ісіне тиянақты, қызметіне адал, жауапкершілігі мол Батырбек қызмет барысында Айжанмен танысады.
«Айжанның мінезі биязы, салмақты, бір көргеннен ұнаттым, болашақ жарымды, өмірімді Айжанмен елестеттім, отбасы құрайық деген ұсынысыма Айжан 1 жылдан соң жауап берді. Айжан екеуміз бір – бірімізді түсініп, 2011 жылы отбасын құрдық. Шаңырақ көтергенімізге биыл 8 жыл болды, үш қызымыз бар. Үлкен қызымыз Шаттық №271 мектептің 1 сыныбын үздік бітірді. Айзере қызымыз 5 жаста, кенжеміз Жания 4 айдан асты. Қызметіміз қызығы мен қиындығы қатар жүретін бір салада болған соң, бір – бірімізді түсінеміз», - дейді Батырбек.
Кейіпкеріміз Батырбек спорттың еркін күрес түрімен айналысады. Облыс көлемінде құқыққорғау органдары арасында өткізілетін спорттық шараларға қатысып, жүлдері орындарды иеленіп жүр. Бүгінде Батырбек пен Айжан ҚР ІІМ-нің «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 10 жыл медалдарымен, ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының Грамотасымен, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаменті бастығының Грамоталарымен, Алғысхаттарымен, марапатталды. Аталған марапаттарының бәрі қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, басшылық тарапынан жүктелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындай білетіндігінің дәлелі. Біз де Искаковтар отбасына қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тілейміз.
Дана Достанова
Қызылорда облысы бойынша
ҚАЖД мемлекеттік тіл маманы