22 маусым: Ел тарихында орын алған оқиғалар
1948 жылы КСРО және ҚР суретшілер одағының мүшесі, Украина суретшілер одағының және Еуропалық өнер орталығының құрметті мүшесі Амангүл ИХАНОВА дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көрсемсурет училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Теріден картина салудың жаңа әдісін патенттеген автор. Жұмыстары әртүрлі елдердің көптеген мұражайлары мен жеке коллекциясында, Ұлыбритания патшайымы Елизаветаның коллекциясында сақтаулы тұр, суретшінің ертеректегі шығармаларының бірі Нью-Йорк қаласындағы Орталық ғимараттың холлын безендіріп тұр. «Бәйтерек» жұмысы авторларының бірі. Еуропалық суретшілер одағы сыйлығының лауреаты, АҚШ Президенті Дж.Картердің, испан королі Хуан IV, Майндағы Франкфурт мэриясының, Ұлыбритания патшайымы Елизаветаның, БҰҰ-ның және т.б. Алғысхаттарымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1992 жылы Қазақстан мен Қытай арасында темір жол магистралі ашылып, «Жібек жолы» халықаралық жолаушылар пойызы Алматыдан Үрімжіге сапар шекті.
1993 жылы Қызылордада орысша-қазақша сөздік шығарылды. Онда дене шынықтыру және спорт саласындағы 2500 сөз бен термин болды.
2005 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Жапония Үкiметi арасындағы Техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы» Заңға қол қойды.
2006 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған.
2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Қазақтың 1000 күйі» жинағын шығарды.
2014 жылы Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы нысанына айналды. Қазақстан, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінің Жібек жолын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы бірлескен өтініші Дохада (Катар) өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы комитетінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша 38-інші сессиясында мақұлданды. Өтінішке Жібек жолында орналасқан 33 тарихи ескерткіш енгізілді, соның 22-сі Қытайда, 8-і Қазақстанда және үшеуі Қырғызстанда орналасқан.