Билетсіз жолаушыларды тамбурға жатқызған жолсеріктер жұмыссыз қалуы мүмкін
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ақтөбе-Маңғышлақ бағытындағы пойызға билетсіз жолаушылар алған жолсеріктер қызметінен қуылуы мүмкін, деп хабарлайды KTK.
Әлеуметтік желіде осы пойыздағы жағдайды түсірген видео тараған соң, шойын жолға жауапты мекеме басшылары тексеруге кірісіпті. Бейнероликтен жолаушылардың тіпті тамбурда жатқанын көруге болады.
Бұл Ақтөбеден Маңғыстауға қатынайтын пойыздағы жағдай. Оны осыдан төрт күн бұрын жолаушылардың бірі таспаға түсіріп алыпты. Вагондағы тазалықты айтпағанда, жолсеріктер әр тоқтаған станса сайын билетсіз жолаушылар алады екен. Тіпті, тамбурға да адамдарды төсеніш салып жатқызып қойған.
Бұл оқиғадан «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиал басшылары хабардар. Қазір шулы видеомен елге танылған №33 вагонның жолсеріктері мен пойыз басшысынан түсініктеме алынып жатыр. Егер жағдай дәлелденсе билетсіз жолаушылар алған үшін олар жұмыстан қуылады деп отыр.
«Пойыз бастығымен телефонмен хабарластық. Шұбарға дейін тексергем, ондай жағдай болған жоқ деп отыр. Тексеріс біткен соң жолсеріктермен келісім шартты үземіз. Жұмыстан шығарамыз. Біз бір адамды билетсіз алса да жауапқа тартамыз», - дейді «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалы директорының орынбасары Гүлім Усаева.
Алайда тұрғындар билет іздеп сабылған қай жолаушы болмасын тамбурға дейін жатып келуге дайын екенін айтады. Өйткені қазір билет табу қиын. Темір жол мекемесіндегілер жаз мезгілінде қай қалаға болмасын билеттің жоқтығын мойындап отыр. Олардың сөзінше, бұған вагондардың жетіспеу себеп.