Чо Чонг Гук: Қазақстан – махаббатым менің
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Мыңдаған оңтүстіккореялықтар енді Қазақстанның көрнекі жерлерімен таныса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Саяхатшыларға арналған журналда елімізге арналған бөлімі жарық көрді. Оның авторы – фототілші Чо Чонг Гук. Ол материалды екі ай бойы жинады, ал фототүсірімге бірнеше жыл кетті.
Чо Чонг Гук – әуесқой фотограф, оның негізгі мамандығы банк саласы. Кейін ол жұмыс істейтін ұжым қазақстандық банктің акционері атанды. Сол себепті Чоның Алматыға жолы түсті. Оңтүстік Корея азаматы Қазақстанның ең үлкен қаласында бес жыл тұрды. Бос уақытын саяхатқа жұмсап, ұнаған жерлерін суретке тартты.
«Оңтүстік Корея халқына Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Шарын шатқалын, Ассы үстірті, Көлсайды, Шығысында Алтайды, батысында Маңғыстауды, солтүстікте-Бурабайды көруге кеңес беремін. Егер бұл жерлерде инфрақұрылым дамытатын болса, онда туристер саны артады. Саяхат кезінде кей орындарға жету мұң екенін білдім. Рас, түнеуге тоқтағанда ауыл тұрғындары маған әдемі орындарды көрсетті», - дейді фототілші Чо Чонг Гук.
Қазір Чо Чонг Гуктың коллекциясында бірнеше мың туынды бар. Сондықтан Қазақстан туралы мақалалар шыққанда баспагерлер фототілші туындыларын журнал беттеріне орналастыруға рұқсат сұрайды. «Арт Трэвэл» басылымының маусымда шыққан мақаласында қазақстандық туристік объектілер ғана емес, қалалар туралы және танымал қазақстандықтар туралы деректер бар. Чо журналдың бірнеше данасын Сеулдегі Қазақстан елшілігіне сыйға тартты.
«Туристерді Қазақстанның табиғаты ғана емес, тарихы да қызықтырады. Еліңізде кәрістер көп тұрады, сондықтан мысалы корей халқының каһарманы Хон Бом Доның моласы орналасқан Қызылордаға немесе кәріс диаспорасы шоғырланған Үштөбе қаласына дейін туристік бағытын ашуға болады. Корея азаматтары үшін ол қызық болады деп ойлаймын», - дейді фототілші Чо Чонг Гук.
Чо Чонг Гуктың айтуынша, ол үшін ең құнды – Тұзкөлдің қасында түсірілген Хан Тәңірі фотолары. Өйткені Қазақстанның ең биік нүктесі саяхатшыларды ғана емес, тарихшыларды да қызықтырады. «Тәңір» ол құдай мағынасын білдіреді, ал ежелгі Кореяның негізін қалаушы құдайдың есімі – Тангун. Хан Тәңірі туралы ақпарат міндетті түрде Қазақстан туралы ақпар кітапшасында болады. Чо Чонг Гуктың кітабы келесі жылда жарық көреді.