«Шешендік өнер: сөйлеу мәдениеті мен технологиясы»
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Осы тақырыппен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында семинар-тренинг өтті.

Шараның мақсаты Аймақтағы дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндірме топ мүшелерінің көпшілік алдында толғамды ой, түйінді пікірлермен жұмыс істеу мүмкіндіктерін арттыру, шешендік өнерге және пікір еркіндігі мен ойын жүйелі жеткізуге баулу.
«Қазақ халқы ежелден шешендік өнерді жоғары бағалаған. Ата-бабамыз осы арқылы ел арасындағы дауларды шешіп, бітім айтып отырды. Технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі заманда адамдар арасындағы байланыс басқаша өрбіп, сөйлеу мәдениеті кенже қалып барады. Тіліміз бай дегенімізбен, сол барымызды бүгінде қолдана алмай жүргеніміз жасырын емес. Сондықтан бүгінгі семинар-тренингтің барлығымыз үшін берері бол деп есептеймін. Әсіресе, деструктивті діни ағым өкілдерімен диалогқа түсетін теологтар мен АТТ мүшелері бүгінгі жиыннан құнды ақпараттарды ала алады деп ойлаймын, - деді семинарда Талғат Маханов.
Семинар-тренингте спикерлер «Шешендік өнеріңді шыңда», «Шешендік өнер және сөйлеу мәдениеті» және «Презентация жасаудың тиімді тәсілдері» тақырыптарында баяндама жасады.
Тренинг соңы тәжірибелік әдіске ұласып, қонақтар мен қатысушалар шешендік өнердің теориялық және тәжірибелік әдіс-тәсілдерді кеңінен талқыға салды.
