Қызылордалық жеке кәсіпкердің мәселесі шешілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған «Protecting business and investments» іс-шаралар бағыты аясында қызылордалық жеке кәсіпкерге жер телімін алуға көмек көрсетілді. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті хабарлады.
Жобаның фронт-офисіне жүгінген жеке кәсіпкер А.Маханов, осы жылдың қаңтар айынан бастап, бизнесін ұлғайту үшін қосымша жер теліміне қол жеткізе алмай жүргенін айтқан. Кәсіпкер қосымша жер теліміне алдын ала таңдау актісі мен сызба-схемаларын дайындап, қалалық жер комиссиясының қарауына ұсынған.
Дегенмен, наурыз айында жеке кәсіпкердің өтініші бойынша теріс қорытынды қабылданып, қосымша жер учаскесін табыстаудан бас тартылған.
Жеке кәсіпкер өз кезегінде қалалық жер комиссиясының қорытындысымен келіспей, «Protecting business and investments» жобасының фронт-офисіне заңды мүддесін қорғау бойынша өтініш білдірген.
«Өтінішті қарау барысында қалалық жер комиссиясы тарапынан жеке кәсіпкер А.Махановқа алғашқыда негізсіз бас тартылғаны белгілі болды. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерге кеңсе салу қосымша жер телімі берілді. Бизнес субъектісінің заңды өтінішін қарау барысында кемшіліктерге жол бергені үшін қалалық жер комиссиясының лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Әлия Ысқақова.