Қазалыда іскер әйелдер бас қосты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқаптың төрағалығымен өткен жиында «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қазалы ауданындағы филиалының төрайымы сайланды.
«Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 30 қарашасында облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда облысы бойынша «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеру, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жұмыссыз әйелдерге жұмысқа орналасуына ықпал жасау, жастар саясаты, жастар кәсіпкерлігіне жан-жақты қолдаулар көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда осы мақсатқа жету бағытында қоғамдық бірлестікпен бірлесіп ауданымыздағы жас әйелдер ауқымды жұмыстар жүргізуде», – деген аудан әкімінің орынбасары қоғамдық бірлестіктің Қазалыдағы филиалының төрайымдығына белгілі кәсіпкер Алтынкүл Құрақбаеваны ұсынды.
Бақытжан Дүзелбайұлының айтуынша, Алтынкүл Тәжімұратқызы ұлағатты ұстаз болуымен қатар, кәсіпкерлікті қоса алып жүрген іскер әйел. Бүгінгі таңда ауданымызда кәсіпкер ашқан «Жанқожа» сауда үйі мен «Алтын Орда» қонақ үйі тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсетіп келеді.
Басқосуға жиналғандардың бірауыздан қолдауымен Қызылорда облысы бойынша «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қазалы ауданындағы филиалының төрайымы болып Алтынкүл Құрақбаева сайланды.