Биыл жас кәсіпкерлер қайтарымсыз гранттар арқылы өз кәсібін дамыта алады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 2019 жылы мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысуға өтінімдер ағымдағы жылдың 10 маусымынан басталып, 21 маусымына дейін қабылданады. Конкурсты өткізу үшін осы жылы республикалық бюджеттен 31 млн. теңге бөлініп, оның ішінде «Жастар жылы» аясында 21 млн. теңгесі жас кәсіпкерлерге қаралған.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергенов мәлімдеді.
«Барлығымызға белгілі, 2013 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды және бизнес-инкубациялау шеңберінде индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 3 млн. теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар беру конкурсы жүзеге асырылуда. Бұл конкурсқа шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі және 50 жастан асқан азаматтар өздерінің жаңа бизнес-жобаларын ұсыну арқылы үміткер бола алады», - деді Ф.Қожабергенов.
Қазіргі күні облыста 5118 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, оның 85,6 пайызы яғни 43 788 бірлігі жұмыс жасап, онда 93 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған.