Министр ауруханаларға тексеріс жасайтынын айтты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кейбір өңірлерде бір дәрігер үш маманның жұмысын істейді. Салдарынан медициналық қызметтің сапасы төмендеп отыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауруханаларға тексеріс жасайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, бүгінде медицина саласында маман тапшылығы бар. Қазақстанға 7 мыңнан астам дәрігер жетпейді. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде кәсіби маман аз.
"Мамандардың көбісі жеке меншік мекемелерге кетіп қалады. Содан нағыз патриот дәрігерлерге, әсіресе, ауылды жерлерде жұмыс істейтін мамандарға үлкен салмақ түсіп жатады. Ашығын айту керек, бұл – проблема. Бірақ онымен бас дәрігерлер айналысуы тиіс", - деді Біртанов есеп беру кездесуінде.
Оның сөзіне қарағанда, республика бойынша әрбір дәрігер, кем дегенде, 1,4 коэффицентпен жұмыс істейді. Демек, әрбіреуі 1,5 ставкамен еңбек етеді. Ал кейбір өңірлерде дәрігерлер үш адамның жұмысын жасайды. Ондайда медициналық қызметтің сапасы төмендейді.
"Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог пен акушер-гинелог мамандықтары бойынша жағдай қиын болып тұр. Ал аурухана басшылары тиісті стандартты орындамаса, интенсивті терапия мен бала туу саласындағы медициналық қызметтің сапасын қалай көтереміз?", - деп атап көрсетті Біртанов.
Министрдің сөзіне қарағанда, биыл екінші жартыжылдықта тиісті комитеттің мамандары ауруханалардың жан сақтау және интенсивті терапия бөлімдерін кадрлық қамтамасыз ету жағын тексеретін болады. Дәл осы бөлімдерде маман тапшылығы анықталса, тиісті шаралар қабылданады. Тіпті, лицензияны алып қоюға дейін жаза қолданылады.