Қазақстанның шалғайдағы 200 ауылы 1 қыркүйекке дейін интернетке қосылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанның бес облысындағы шалғай ауылдарға интернет қосылады. Олардың қатарында Қызылорда облысына қарасты елді мекендер де бар. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұндай міндеттемені талшықты-оптикалық байланыс желісін тарататын операторлар алып отыр. Оған сәйкес, үш ай ішінде 201 ауылға жоғары жылдамдықтағы интернет қосылады. Бірінші кезекте 223 мектеп, 191 аурухана, 117 әкімдік үшін ғаламтор қолжетімді болмақ. Бұл нысандар Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының ауылдарында орналасқан.
Жалпы, 2019 жылы «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру шеңберінде 685 ауылды елді мекенде орналасқан 2 мыңнан астам мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымды интернетке қосу жоспарланған.
Аталған жұмыс «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындау шеңберінде жүргізіледі. Елді мекендердің тізімі аудан орталықтары мен қалалардан алшақтығы, халықтың саны 500 тұрғыннан кем болмауы, мемлекеттік, білім беру және медициналық ұйымдардың болуы секілді талаптарға сай жасалған болатын.
«Қазіргі заманғы телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру бағытындағы жұмыс халыққа заманауи байланыс қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанда интернетті пайдаланушылардың үлесі 2018 жылы 81,3 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», - деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.