Байқоңырдағы жойқын жарылыс
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Кеңес Одағының маршалы Неделин бастаған әскерилер мен зымыран жасаушылар қалай қаза тапты?
Шикі "бұйымның" шатағы
Байқоңыр қаласындағы ескерткіштер, монументтер, стеллалар арасында маршал Неделиннің ескерткіші бар. Ғарыш айлағындағы апаттардан құрбан болғандардың ішіндегі шені ең үлкені – сол.
Митрофан Иванович 40 жыл бойы әскери қызметте жүрді. Алдымен азамат, одан испан, одан фин соғысын бастан өткеріпті. Ұлы Отан соғысында артиллериялық бригаданың, корпустың командирі, армия мен майданнның артиллерия қолбасшысы қызметін атқарды. Балатон көлі маңындағы ұрыс операциясы үшін Совет Одағының Батыры атанды. Соғыстан кейін Ф.Э.Дзержинский атындағы әскери академияны бітірді. 1959 жылы оған артиллерияның бас маршалы атағы берілді. Және енді құрылған стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.
1960 жылы 22 ақпанда СССР Министрлер Советі континентаралық баллистикалық "Р-16" зымыранына қатысты Мемлекеттік комиссия құрамын бекітті. Әлбетте, құпия жағдайда. Өйткені ол ядролық оқбасымен АҚШ-қа дейін жетеді. Комиссия төриесі болып Қорғаныс министрінің орынбасары, Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерінің бас қолбасшысы артиллерия маршалы Митрофан Неделин тағайындалды.
Кейін сарапшылар Мемлекеттік комиссия төриесі болып маршал Неделиннің тағайындалғанын "басты қателік" дейді. Маршал емес басқа біреу төр иесі болғанда, комиссиядағы орынбасарлары мен мүшелері пікірлері мен күдіктерін бүкпесіз айтар еді. Ал, бас қолбасшыға уәж айтуға ешкімнің дәті бармады.
Маршал зымыранның жанынан кетпей отырғанда, басқалардың ешқайда мойын бұруға, тіпті ойлануға мұршасы болмады. Әркім басын бәйгеге тіге отырып, жанталаса жұмыс істеді.
Кейін сарапшылар Мемлекеттік комиссия төриесі болып маршал Неделиннің тағайындалғанын "басты қателік" дейді. Маршал емес басқа біреу комиссия төраиесі болғанда, комиссиядағы орынбасарлары мен мүшелері пікірлері мен күдіктерін бүкпесіз айтар еді. Ал, бас қолбасшыға уәж айтуға ешкімнің дәті бармады. Маршал зымыранның жанынан кетпей отырғанда, басқалардың ешқайда мойын бұруға, тіпті ойлануға мұршасы болмады. Әркім басын бәйгеге тіге отырып, жанталаса жұмыс істеді.
1960 жылғы қыркүйек айында бас конструктор Янгель жасаған "Р-16" зымыраны Байқоңырға жеткізілді. Сол тұста полигон бастығы болған генерал Константин Герчек ХХ ғасыр соңында, бұл тақырыптағы "құпия" деген таңба алынып тасталған шақта өз естелігін жария етті. Сонда "бұйымның" Байқоңырға өте шикі күйде түскенін жазады:
"Ақылға салып қарағанда "Р-16-ны" Байқоңырға алып келудің жөні жоқ еді. Оның шалағайлықтары жетерлік екен. Ол тұста "жоғары жаққа" зымыранның сынаққа дайын еместігін айта алатын ешкім шықпады. Бәрі "сәтін салса" деп ойлады. Сынақшылар осындай жағдайға тап болдық және кепілге айналдық. Жоғары биліктің менмендігі апат пен бақытсыздықты жақындата түсті, оны ысырып тастау еш мүмкін болмады".
Зымыран сонымен Байқоңырға әкелінді. Жоғары жақтан оны ұшыратын күн белгіленді. 1960 жылдың 23 қазаны. Жексенбі екен. Мәскеуден осындай нұсқау түскен сәтте сынақ алаңында митинг өтеді. Онда бас конструктор Янгель сөйлейді.
Жексенбі күні ұшуы тиіс зымыранды сапарға дайындау үшін 21 қазан, жұма күні ертемен құрастыру-сынау корпусынан ұшу алаңына алып шықты.
Кейін біз осы құрастыру-сынау ғимаратын арнайы барып көргенбіз. Биіктігі шамаман алты-жеті қабат үйге пара-пар ғимарат. Ішкі қабырғасын сөрелер мен баспалдақтар көмкеріп тұр. Сол арқылы ортаға тігінен қойылған немесе көлденең жатқызылған зымыранның кез-келген тұсына барасыз. Ғимараттың ұзындығы да баршылық. Сыртқы бас қақпасы ортасынан жармаланып ашылады. Байқоңырға ірі-ірі бөлшектер түрінде жеткізілген зымыран осы жерде толық құрыстырылады. Одан әрі темір жол арқылы самғау алаңына жол тартады.
Астауға тамған гептил
Хош. 1960 жылғы 21 қазанда Янгельдің зымыраны құрастыру-сынау кешенінен темір жолға артылмай, басқа әдіспен шығарылды. Астына резеңке доңғалақты темір арбалар қояды да, бетон жолмен саумалдап отырып 41- ұшыру алаңына жеткізеді. Арнайы тростар арқылы зымыранды тігінен көтереді. Жан-жағынан қаусырмалар ұстап қалған соң бүйіріндегі арбаларды босатып, төмен түсіріп алады. Енді бірнеше қабатты биік қаусырмаларға шыққан мамандар зымыранды сынаққа дайындай бастайды.
Алдымен бактарға зымыран қозғағыштарына арналған отын құйылған. Ол – гептил. Отандық зымыран өндірісінде бұрын пайдаланылмаған аса улы қоспа. Тура 100 тоннасы құйылыпты. Бірақ, кешікпей сол бактан жерге тамшы тама бастайды.
Мемлекеттік комиссияның төр иесі "бұл ақау зымыранды уақтылы ұшыруға кедергі емес пе" деп сұрайды. Ұшыру жұмысына жауапты басшылар маршал алдында абыржып, "соншалықты мән беретін ақау емес" дейді. Маршал сонда тамшы тамып тұрған жерге астау қоюға тапсырма береді. Және астауды төгіп тұруға кезекші солдаттар бөлгізеді. Сөйтіп ол күні дайындау жұмыстары тынымсыз тамшылар астында жүреді.
Ертесінде 22 қазанда зымыранды ұшуға әзірлеушілер тағы бірнеше күтпеген жағдайларға тап болған. Алдымен зымыранның автоматты басқару жүйесі ешкім күтпеген команда береді. Зымыран бөліктерін қозғағыштардан оқшаулайтын қалқанша ашылып кеткен. Сосын әлгі басқару жүйесінің өзінде басты тарату шынжыры қарысып қалған. Мемлекеттік комиссия оқшаулау қалқаншаларын ауыстыруға және шынжырды жөндеуге тапсырма береді. Басқару жүйесін жасаған бас конструктор Коноплев "жүйені жаңалаудың қажеті жоқ, осы қалпында ұшыруға болады" деп мәлімдейді. Сонымен екінші күн өтеді.
Сынау жасалуы тиісті 23 қазанда зымыранды тік тұрған қалпында жөндеу мен әзірлеу жұмыстары жалғасқан. Мұның бәрі "Р-16-ның" жанармай толық құйылған күйінде істелді. Бір жаманшылықты сезгендей бас конструктор Янгель маршал Неделинге "жанармайды ағызып алса, қауіпсіз болар еді" деп қалады. Бірақ, онда бірнеше апта жоғалмақшы. Ал, АҚШ-пен арадағы жанталасқан жағдайда Кеңес Одағы басшыларына күндер не, сағаттардың өзі ұзақ болып көрінді.
Сонымен зымыранды даярлау 23 қазанда аяқталмады. Қанша жанталасқанмен Үкімет белгілеген сынақ күніне үлгере алмады. 24 қазанның таңы атты. Тағы күні бойы қарбалас. Бас хатшы Хрущев қайта-қайта қоңырау шалады. Старт алаңында маршал Неделин сағат сайын шырылдаған қызыл телефонды көтереді. Ақыры "ақаулардың бәрі жөнделді" деп баяндайды.
Енді зымыранның ұшуына бір сағаттық әзірлік басталды. Маршал ұшыру алаңынан 3 шақырым жердегі қауіпсіз аймаққа салынған бақылау бекетіне келді. Мұнда байыз тауып отыра алмай, қайтадан ұшыру алаңына орлған. Маршалды көрген полигон қызметкерлері кресло әкеліп, ұшатын зымыраннан небәрі 15 метр жерге қойыпты.
Қазір барып қарасаңыз сол орындық қойылған нүктеде қызыл мәрмәр тас тұр. Онда маршал Митрофан Неделиннің барлық лауазымдары мен атақтары, сосын қаза тапқан күні көрсетілген.
Бір тал темекі
Маршал қайтып келген соң алыстағы бақылау бекетіне кеткен Мемлекеттік комиссия мүшелері мен оларға еріп жүрген топ та оралды. Өйткені, бұдан екі күн бұрын Неделиннің "Кім де кім бұл сынақтан қорықса, үйінде отырсын" дегені әркімнің құлағында қалған.
Байқоңырда күн батып қалған, ал Мәскеу уақытымен 18 сағат 05 минутта жарты сағаттық дайындық басталды. Ешкім маршалға келіп стартқа тікелей қатысы жоқ адамдардың бұл жерде қалуына болмайтынын ескерте алмады.
Сынаушылар ток тарату бағдарламасын бастапқы сәтке көшіре бастайды. Сол кезде зымыранның екінші сатысының қозғағышы өз-өзінен іске қосылып кетті. Соншалық ыстықпен шыққан отты ағын төмендегі бірінші саты багының қаптамасын қыздырып, сұрапыл жарылыс гүрс ете қалды. Небәрі алты секундта бүкіл ұшыру алаңы отқа оранды. Биіктігі 34 метрлік зымыранды қоршаған қаусырма сатының әр жерінде жұмыс істеп жатқан адамдар ширатыла, бүктетіле отты жіпке немесе допқа айналып, төмен салбырап немесе ауаға ұшып жатты.
Зымыранның ұшу сапарын кинокамераға түсіру үшін Байқоңырға арнайы топ келген. Олар істің нәтижесін лентаға тартып, Мәскеудегі мемлекет басшысына апаруы керек еді. Киношылар стартқа әзір тұрған. Бірақ түсіруді бастамаған. Өйткені, әлі жарты сағаттай уақыт бар еді. Ал зымыранның белінен төмен жалын лап ете қалғанда "сынақ басталды" деп ойлаған оператор дереу камераны қосады. Сөйтіп бұл апаттың барысы бедерленіп қалды. Осы кинотаспа кейін зымыран ұшыру барысында техника қауіпсіздігін сақтау үшін мамандарға арнайы көрсетілетін.
Ұшыру алаңының арнайы темір қоршауынан секіре алмай талайлар жалынға жұтылды. Далаға қашып шыққандар бәрібір киімі сөндіре алмай өлді. Кейбіреулер оттан қашып бетон құдыққа бас сауғаламақ болады. Бірақ, ол әлгі улы гептилге толы екен, тұншығып қаза табады.
Старт алаңының сол жақ тұсында қалқа қабырға болды. Ар жағына өлшеуіш техника қойылған. Қызуы 3 мың градусқа жеткен жалыннан тірі қалуды ойлаған біраз адам солай қарай қашады. Әттең, қалқамен аралыққа төселген асфальттың битумы қас-қағымда еріп кетеді. Ығып келгендер ыстық батпаққа батып өртеніп өлген.
Дереу апат дабылы қағылып, барлық алаңдардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылар осында шақырылды. Денесін күйік шалған, уланған бірақ әлі кеудесінде қыбырлаған жаны бардың бәрі ауруханаларға аттандырылды. Өліктерді жинау мен анықтау басталды. Маршалдың денесін балқып кеткен Алтын Жұлдыз медалі арқылы анықтайды. Ең ірі дененің басқару жүйесінің бас конструкторы Борис Коноплев екені бірден белгілі болыпты. Жалпы машина жасау министрінің орынбасары Гришин, Янгельдің орынбасары Берлин, Социалистік Еңбек Ері, полигон бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Носов қаза тауыпты.
Бас конструктор Янгель шылым шегетін орынға кетіпті. Полигон бастығының орынбасары генерал-майор Мрыкин бұдан соң темекіні тастамақ болып, "ең соңғы талын шегейінші" деп Янгельдің соңына ілескен. Сол кезде зымыран жарылды. Сол папирос өмірін сақтаған Мрыкин қалған өмірінде "мені құтқарған осы" деп темекі тартып өтіпті деседі. Ал Янгельге телефон соққан Хрущевтің бірінші сөзі: "Сен неге бірге жанып кетпегенсің?" болыпты.
Құламаған ұшақтың құрбаны
1960 жылы 28 қазанда ғана кеңестің орталық газеттеріне хабарлама шықты. Онда: "1960 жылы 24 қазанда КПСС Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат, СССР Жоғарғы Советінің депутаты, СССР Қорғаныс министрінің орынбасары, Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерінің бас қолбасшысы маршал Митрофан Иванович Неделин авиация апатынан қаза тапты" делінген. Байқоңырда болған жойқын зымыран жарылысы туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ.
Мәскеу сол күні-ақ құпия жағдайда мемлекеттік комиссия құрды. Оны Леонид Брежнев басқарды. Сол Брежнев ел басқарған шақта бірінен кейін бірі қорғаныс министрі болатын Гречко мен Устинов сияқты әскерилер, Глушко сынды ғалым мен Сербин сияқты Орталық Комитет өкілі бар бұл комиссия ертесінде космодромға келеді.
Комиссияның бірінші отырысы суыт өтті. Оған "Р-16-ға" қатысы бар кешегі апаттан тірі қалған басшылар мен мамандар шақырылды. Брежневтің аузынан "біз ешкімді жазаламаймыз" деген сөз шықты. Бұл лепес Бас хатшы Хрущевтің бас конструктор Янгельге: "Сен неге бірге өртеніп кетпегенсің?" дегеніне қарағанда иманды еді.
Мемлекеттік комиссия өз кезегінде техникалық комиссия құрды. Өйткені, бұл зымыран сынақтан өтіп, сапқа тұруы керек. Техникалық комиссияға СССР Қорғаныс техникасы жөніндегі мемлекеттік комитет төр иесі Константин Руднев басшылық етті. Келесі күні-ақ олар апат себептерін толық анықтаған баяндама әзірлеп, Мемлекеттік комиссияға мәлім етті.
Жарылысқа соқтырған ақау зымыранды басқару жүйесінен кетіпті. Оның бас конструкторы Коноплев отта күйіп қаза тапты. Ал нақ кінәлі – ұшу алдындағы нұсқауды толық орындамаған оператор көрінеді. Брежнев уәдесінде тұрып, оның атын анықтауға, жазалауға жол бермеді. "Ең басты қателік жанармайды қайта құйып алынбаған қалпы зымыранды жөндегеннен болды" деп көрсетілді.
Брежнев басқарған мемлекеттік комиссия сол жерде шұғыл шешімдер қабылдайды. Неделиннің денесі, анығында күлі Мәскеудегі Қызыл алаңда жерленетін болды. СССР Жалпы машина жасау министрінің орынбасары Лев Гришиннің мүрдесін дабыра етпей, Мәскеудегі Новодевичьево зиратына қояды. Лауазымы үлкен болса да қаза тапқаны туралы көңіл айту берілмейді.
Зымыранды сынауға Днепропетровскідегі 586-айрықша конструкторлық бюросынан келген алты маманның күйген денесі Украинаға жөнелтілді. Ол жерде улап-шулатпай жедел жерлеу тапсырылды. Ал, космодром бастығының орынбасары Социалистік Еңбек Ері Носов бастаған әскерилердің денесін Ленинск қаласында жерлеу үшін Бауырластар моласы қазылды. Онда "1960 жылы 24 қазанда әскери парызды орындау кезінде қаза тапқандар мәңгілік есте" деген жазуы бар белгі қойылды.
Апат құрбандарының толық тізімі Байқоңырдағы Ғарыш мұражайында сақтаулы. Ресми дерек бойынша 92 адам қаза тауып, 125 адам жарақат алды. Бірақ кейін шетелдік зерттеушілер "құрбан саны бұдан әлдеқайда көп" дейтін болады. Енді ақиқатты анықтау мүмкін емес. Сондықтан біз ресми есепті қанағат қыламыз.
Тірі қалғандардан отставкадағы генерал-полковник Константин Герчиктің қатты күйік шалған терісін Кеңес Одағының ең мықты дәрігерлері тұтасқа жуық қайта қалпына келтіріп берді. Полигон бастығы қызметінен Зымыран әскерінің бас қолбасшысы қызметіне дейін жетті. Жасына орай әскери саладан кеткен соң Байқоңыр космодромы ардагерлер кеңесін басқарды. Беріде Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин "Р-16" континентаралық баллистикалық зымыранын сынауға қатысқан Герчик бастаған 99 адамды "Ержүректік" орденімен марапаттады.
Ал, 1960 жылдың желтоқсан айында Днепропетровскіде келесі "Р-16" зымыраны зауыттық сынақтан өтті. Инфарктен тұрған Янгель оның басқару жүйесін жаңадан жасатты. Келер жылы қаңтар айында екінші зымыранды өзі Байқоңырға алып келді. 2 ақпан күні зымыран сәтімен ұшып шықты. Ол қуаты бес мегатонна болатын оқбасыны алып ұша алады. Содан кейін Кеңес Одағы қарсыласқа қандай қашықтықтан болсын қуатты ядролық соққы беретін мүмкіндігі болды.
Қайнар ОЛЖАЙ