Әміржан Қосанов ауруханаға түсіп қалды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Президенттік сайлауда 16,2 пайыз дауыс жинаған Әміржан Қосанов ауруханаға түсіп қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы Қосанов Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды. Оның айтуынша, ауруханға түсуіне "жүрек пен жүйкеге түскен салмақ" себеп.
"Сайлау барысында күні-түні ұйқысыз жүрдім. Шаршағаным бар. Жүрек пен жүйкеге біраз салмақ түссе керек. Кеше ауруханаға түсіп қалдым. Сол жақтан жазып отырмын", - деп жазды ол.
Сондай-ақ, Қосанов бұл жазбасында exit poll-дан кейін берген комментариіне қатысты айтылған сынға жауап берді.
"Бірақ осы орайда бір жайтты ашық айтайын. Сайлау қарсаңында және оның барысында біз, қатарымызда бар саясаткерлер, саясаттанушылар, ауыл-аймақтағы белсенділер болып, жабық зерттеулер жүргізбенбіз. Сонда мені танушы, қолдаушылардың саны 30-40 пайыздан аспады. Қоғам біркелкі емес екені анық, аймақтарда да, сайлаушылардың жас мөлшеріне қатысты топтарда да менің рейтингім ала-құла еді: бір жерде қолдау баршылық, ал бір жерлерде танымалдық тіпті аз болып жатты. Қазақстан оппозициясының 2005 жылдан бері президент сайлауына қатыспауы, біздің жергілікті жерлерде көптен бері нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізбеуіміз - осының бәрі осындай цифрларға негіз болды деп санаймын. Сондықтан да мен өз сұқбаттарымда екінші тур болуы мүмкін деп айтқан едім", - дейді ол.
Бірақ, оның пайымдауынша, сайлау барысында менің діттеген межеге жетуіме кедергі болған жайттар пайда болған.
"Олар - Әблязов мырза мен оған жақын тұлғалардың мені (билік кандидатын емес!) күні-түні қаралап, күйе жағуы, оппозиция сапындағы кешегі әріптестерімнің мені қолдамауы (жасыратын несі бар, маған қарсы үгіт-насихат жүргізуі!), дауыс беру секілді азаматтық әрекеттен бас тартуға шақырған "бойкотшылар". Бұған оппозиция өкіліне ұлттық буржуазияның қол ұшын бермегенін, яғни қаржы тапшылығын қосып қойыңыз. Осының бәрі, сөз жоқ, менің мейлінше жоғары жетістікке қол жеткізуіме өз салқынын тигізді. Сайлау алдында билік өз зерттеулерінде маған 5 және 7,9 пайыз беретіндей сыңай танытқанын өздеріңіз білесіздер. Ондай болжауларды біз сынадық, қабылдамадық. Сондықтан да дауыс беру барысындағы экзит-пул кезінде 15,9 пайыз жарияланғанын өз басым дәл сол кезде одан да төмен цифрлармен салыстырғанда оң нәтиже деп санап, сондай комментарий бергенім рас. Оның үстіне әдетте экзит-пул мен ресми нәтиженің арасы алшақ болмайды емес пе?", - дейді Қосанов.
Қосанов бұл сайлаудың жаңаша бір ерекшелігі деп бақылаушыларды айтты.
"Сіздердің бақылауларыңсыз қорытынды басқаша болар еді! Менің президент сайлауына түсуімнің себептері мен ішкі иірімдері туралы мен сіздерге о бастан ашық айтқанмын. Кейбір бұрынғы әріптестерім қолдаудан бас тартуына қарамастан, сайлау науқаны ойдағыдай өтті деп санаймын. Біз электоральды науқанның барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз бағдарламамызды қалың көпшілікке жеткізуге тырыстық. Және де ол ойларымызды қоғамның біраз бөлігі қолдағанын өз көзімізбен көрдік. Өз басым сорақы сайлауларды да көргенмін: белсенділерді өлтіріп жатты, үгіт-насихат материалдар тиелген машиналарды өртеп жатты, бізге қарсы сұмдық арандату мен қоқан-лоққы көрсетіліп жатты. Бұл жолы ондай масқара болған жоқ", - дейді ол.
Мұнымен қатар, Қосанов бүгінге дейін жария етіп келе жатқан ешбір бағдарламалық мәлімдемелері мен принциптерінен бас тартпайтынын айтады.
"Демократиялық құндылықтарды қорғау мен қоғам мен билік арасындағы диалогты орнату жолында қызметімді жалғастыра беремін! Төңкеріссіз, бүліксіз өзгерістерді қалайтын ағайын менің осы бағыттағы жұмысымды қолдайтынына мен сенімдімін. Және де біз, біріге отырып, қоғамды да, билікті де өзгерте аламыз деп ойлаймын! Сайлау оппозицияны да өзгертіп жатыр. Электоральды науқанның бар ауыртпалығын бірге көтеріскен сенімді серікстестер пайда болды. Бір қуанарлығы - арасында жастар көп! Ол жастар биліктің ғана емес, демократиялық күштердің стратегиясы мен тактикасының заман талаптарына сай өзгеруін талап етіп отыр. Сонымен бірге, арамызда жолы бөлек адамдар да бар екені анықталды", - дейді ол.
Саясаткер осы күндері өтіп жатқан наразылық акцияларына қатысты да пікірін білдірді.
"Жаңаөзен қанды қырғыны кезінде жарақат алған жастарды Ақтау ауруханасында көргеннен кейін саясаткер ретінде мен мынадай бір шешімге келгенмін: билікке қарсы күресті заң аясында жүргіземін, ертеңгі күні белгілі бір арандатудың кесірінен адам айтқысыз трагедияға, репрессияға әкеп соғуы ықтимал заңсыз әрекеттерге шақырмаймын. Билік үшін таласта ағайынның, соның ішінде, жастардың бір тамшы көз жасы мен бір тамшы қаны тамбауы тиіс! Бұл принципті ұстанымым туралы мен сайлау алдында және оның барысында баршаға ашық айтқанмын! Сондықтан да, алдын-ала айтқанымдай, мен "президент бола алмадым" деп, азаматтарды заңсыз акцияларға шақыра алмаймын! Әрине, радикалды ағайын мені осы позициям үшін сынап жатар, бірақ менің азаматтық таңдауым осындай!", - деген ол митингілер кезінде тұтқындалғандарды босату керек екенін баса айтты.