2 пайыздық ипотека қашан беріле бастайды?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова «Бақытты отбасы» бағдарламасы қашан басталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың есептік кездесуінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ төрайымы 2 пайыздық ипотека қашан беріле бастайтынын мәлім етті.«Бақытты отбасы» бағдарламасы осы айдың соңында немесе келесі айдың басында іске қосылады. Ол үшін алғашқы қаражат бөлінді. Ілкі жоба аясында Алматы қаласының әкімдігі бізге 3 млрд теңге бөлген болатын. Бүгінге дейін 98 алматылық отбасы осы 2 пайыздық ипотекамен үй алды. Бұған қоса жергілікті әкімдік 1 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттарын табыстады. Алматы қаласы бойынша тағы 233 өтініш түсті. Ол өтініштің бәрі мақұлданды», - дейді банк басшысы.
Ләззат Ибрагимова қалған облыстарда мұндай несие алдағы 2 аптаның ішінде қолға алынатынын айтты.
«Қаржы министрлігінен біздің банк есебіне қаржы түскенін күтіп отырмыз. Қаржы түскен күні-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана бере бастаймыз. Бұл істің мейлінше ашық жүруін қамтамасыз етеміз. Пәтер алушы адаммен келісімшарт жасау кезінде ипотека иесінен аты-жөнін бағдарлама қатысушысы ретінде тізімге енгізуге келісім аламыз. Осының арқасында қай облыста кімнің 2 пайыздық ипотека алғанын бәрі көріп отырады», - деді банк төрайымы.



















