Қызылордада түлектерге аттестат табыстау рәсімі өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебінің түлектеріне қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аттестат табыстады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған білім ошағы 1919 жылы құрылып, 1969 жылдан бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп атауына ие болған.
Бүгінде ғасырлық тарихы бар бұл білім ордасында 100-ге жуық оқушы мектеп бітіруші түлек. Мемлекеттік аттестаттаудың қорытындысы бойынша оның 8-і «Алтын белгі» және 10-ы «Үздік аттестат» иегері.
Мектеп интербелсенді тақталармен, заманауи техникамен жарақтандырылған. Сонымен қатар, ноутбуктармен жабдықталған лингофонды-мультимедиялық кабинет бар.
Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласы бойынша мектепті 1 мың 725 оқушы бітіріп, 1 мың 315 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынамақ. 121 оқушы «Алтын белгіге» және 101 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар, 92 бітіруші халықаралық және республикалық жоғарғы оқу орындарының грант иегері.