Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмүгүлсін Бегімова дүниеден өтті
Сыр өнері орны толмас қайғыға душар болды. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бегімова Үмүгүлсін Өрікбайқызы дүниеден өтті.
2019 жылдың 12 маусым күні 69 жасында өмірден өткен Үмүгүлсін Бегімованың қазасы Сыр өнері ұжымы үшін ауыр қайғы. Бегімова Үмүгүлсін Өрікбайқызы – 1950 жылы 1 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1974 жылы Алматының Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін бітіріп, сол жылдан бастап Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында артист қызметін атқарып келді.
Ү.Бегімова театр сахнасында көптеген көрнекті рольдерді сомдады. Атап айтар болсақ, ең алғашқы Қ.Сатыбалдиннің «Аягөз ару» ертегісінде Тетелес, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Жәмила, Т.Ахатановтың «Ант» спектаклінде Бәтима, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» спектаклінде Ева Бройер және т.б көптеген рольдерді сомдап, өзінің шеберлігін шыңдады.
Соңғы жылдарда көптеген асыл аналардың бейнесін сомдады. С.Жүсіптің «Адам болып өтейін» спектаклінде Күнбала, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясында Фармон, С.Ембергеновтың «Ана жүрегі» драмасында Нәзира, Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» комедиясында Қымбат рольдерін аса шеберлікпен сомдап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді.
Бірнеше рет Мәдениет министрлігінің, облыс әкімшілігі мен мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен наградталған. 2001 жылы Алматыда өткен шағын жанр фестивалінде «Ең үздік әйел бейнесін жасағаны үшін» номинациясын жеңіп алып, сол фестивальдің лауреаты атанған.
2007 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген болатын. Үмүгүлсін Бегімова өмірінің соңына дейін сахнаның төрінен тұғыры түскен жоқ. Оның адами жарқын бейнесімен қатар шығармашылық мол мұрасы Сыр өнерінің тарихында және театр ұжымының мәңгілік есінде сақталады.
Марқұмның намазы: 13 маусым күні сағат 11.00-де Мерей мөлтек ауданы, №6 үй №2 пәтерде;
Қоштасу рәсімі: сағат 11.30-да Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында, қонақасы 13 маусым күні сағат 14.00-де «Думан» мейрамханасында өтеді.