«Үздік имамдар» шипажайға жолдама алды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Сыр имамдарының алқалы жиыны өтті.
Жиында ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкіл имамы Болатбек Әбуов біршама маңызды мәселелерге тоқталды. Күн тәртібіне сәйкес, ҚМДБ бекітілген төрт құжаттың бірі «Имамның тұлғалық келбеті» және «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» тәлімдік анықтамалығы аясында дін қызметкерлерінің міндеттері мен қызметтеріне және де қоғамдық ортадағы этикасы мен дінді көркем насихаттау шеберлігіне қатысты талаптар мен ережелерді толығымен ашып түсіндірді. Жаназа, жерлеу рәсімдері, мешіт тазалығы, сабақтар мен дәрістердің өткізілуі, имам этикасы және т.б. өзекті мәселелерге қатысты бірқатар ескертулер жасалып, тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, «Жастар ісі», «Әйелдер-қыздар» секторларының жұмыстары пысықталып, ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасының мақсаты мен қызметін таныстырылды.
Жиын соңында өкіл имам 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстар нәтижесі бойынша елеулі қызмет атқарған имамдарды марапаттады және «Үздік имамдарға» «Жаңақорған» шипажайына тегін жолдаманы табыстады.