"Қызымды күйеусіз туғыздым"
Ел естімеген жайт бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Бұл өрескел масқараның түп-тамыры қайдан шыққан?..
Оң босаға
Ықылым заманнан жоғары бағаланған осы сөздің қадір-қасиеті бізге жеткенде құрдымға кетіп бара жатқандай. Осыдан 20-30 жыл бұрын қызының оң босағада отырып бала туғанын ата-анасы ар көріп, ел алдында кірерге тесік таппай қиналатын. Көзге күйік болмасын деп, үлкен қалаға аттандырып жіберетін.
Тағдырды Жаратқан маңдайға жазғанмен, жол таңдау еркін бізге қалдырады екен. Жақсы болсын, жаман болсын, өмір жолыңның бұрылыстарына өз сана деңгейің мен жүрек қабылдауың жауапты. Ожданнан аттап кетпеу – өз қолыңда.
"Қызға қырық үйден, қала берді құлдан тыю" дегенді атам қазақ текке атпаса керек. Жо-жоқ, ешкімнің тағдыр жолын таразылауға моральдық құқымыз жоқ. Ешкім тағдырының талқыға түскенін қаламасы ақиқат. Ожданды еркінен тыс аттауға өз ата-анаң мәжбүрлесе амалың қанша?
Анасының айтуымен күйеусіз туды
Бала тәрбиесінде Анасының ықпалы ерен екені мойындалған жайт. Солай болуы тиіс. Өйткені, үй тіршілігінің тізгін әйел қолында болғандықтан, балаға ықпалды болуы заңды құбылыс. Есті Анадан алған тәрбиемен ұлт қаймағы сақталмақ.
Десе де, бала шешімін бетқаратпай өз дегеніне көндіретін Ана талабынан асып кете алмай, бақытын байлап жүрген қыздар көбейе түсуде. Бір қарағанда бауыр еті қызына өз анасы жамандық ойламайтыны табиғи жайт.
Қалыңдық болудан қағылған Қыз
Гүлдей жайнаған қыздың оң босағада нәрестелі болғаны таныстарды таң қалдырды. Жоғары білімді. Жақсы жұмысы бар. Сұлу. "Менмін" деген жігітке арман болардай оның некесіз бала туғаны айналаға жұмбақ көрінді.
Жарты жыл бұрын жұмыс бабымен алыстағы қалаға кеткен қыз сәбиін көтеріп, жалғыз келді. Аяғы ауыр кезін көлденең көзден жасырғысы келген. Айдай ару қыздың күйеусіз бала туғаны, ағайын-тума мен таныс-тамырдың өкінішін тудырды.
Бәріне жауапты қыз шешесі: "Қызым менің қалауыммен күйеусіз бала туды. Мен талап еттім. Жалғыз ұл келіннің соңында кетті. Біздің төрімізден көріміз жақын. Қызым жат босағаға кетсе, әкесі екеумізге кім қарайды?!" – деп бір ауыз сөзбен жеткізді.
Дәрменсіз әке
Ең сорақысы – шаңырақтың бақаны саналатын әке әйелінің жалғыз қызына қойған талабын қолдағаны. Сонда деймін-ау: "Бір Құдай мені тастамас?!" деп, "Шыққан қызды – шиден тыс" санайтын әкенің өресі төмен бе, намысы қайда" деген сұраққа жауап табылмады.
Кімді аярыңды білмей қиналады екенсің. Бүгінде екі баладан асырмауға қоғам үйренген. Екеуін жетістіріп алсақ жеткілікті деген шешім қабылданып қойған. Бірақ, тәрбие осалдығынан екі баланың тағдыры екі тозаққа айналып жатқандары да жеткілікті.
Оқиға кейіпкері ерлі-зайыптылар кезінде жалғыз ұл үйленгенде ат шаптырып, бәйге берген. Үмтіттенген отбасының қуанышы ұзаққа созылмады. Тұңғыш немерені келін төркінінде туды. Келіннің ата-анасының қалауы соған кеп тірелді. "Қызыма қараймын, күтімін жасаймын" деген басты сылтау табылды.
Ыстық-суығы басылмаған бала келіннің соңынан кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Бүгінде күшік күйеу боп қайынжұртының қолында тұрып жатыр. Айтулы мерекелерде арнайы шақыртпаса, ата-анасының есігін ашпайды.
Немересін жылына бір көруге зар ерлі-зайыптылардың бойына қызы күйеуге кетсе, екеуден-екеу қаламыз деген үрей туады. Ақылдаса келе, жалғыз қызды алысқа жібермей, қолдан шығармауға шешім қабылдайды.
Шешім – әкесіз тудыртып, баланы өз тегіне жаздырып алу. Сүйіктісімен бірге тұрғысы келген қыз алғашқы кезде көнбейді. Өз шаңырағының түтінін түтеткенді қай қыз қаламасын. Тыңдамай кетіп қалайын десе, немересін сағынып күнде жылайтын әке-шешесін аяйды.
Кетпейін десе, құрбылары секілді қалыңдық көйлегін киіп, думанды той төрінде сүйіктісімен бірге тұрғысы келеді. Әрі-сәріге түскен қыз ақыры жүйке ауруына ұшырайды. Жиған-тергені мол ата-анасы қызын емдетуге ештеңесін аямайды.
Психологтың шешімі
Жүйкесі ауырғандар жүгінетін психологтар жеткілікті заманда шешімі табылмайтын сұрақ жоқ. Қаладағы шетелге жиі шақырылатын айтулы психолог қыз жүйкесінің неден сыр бергенін анықтайды.
Себеп-салдары анықталғанда, құр күйзелістен – нақтылы шешімге ауысқанның әлдеқайда тиімділігіне қыздың көзін жеткізеді. Ақылды қыз өмірге әкелген ата-ананы жылатып тастап кеткеннен бақытты бола алмайтынын іштей мойындайды. Нақтылы шешімге көшеді.
Қызына қойылған екінші талап –баланың әкесін білмеулері керек. Әкелік құқыққа талап қоймақ түгілі алыстан қашатын, арақ ішпейтін, есірткіге жоламайтын мәдениетті жігітті таңдау талабын қыз орындады.
Бет шымшытқан бесік салар
Молдаға азан шақыртып, нәресте құлағына атын айтқызды. Дүркірете бесік той жасалынды. Балпақтай ұлды бауырына басқан қызды көргенде, бесік тойға келгендердің іші у-дай ашыды.
Оң босағада туғызғанмен қоймай, ат шаптыра бесік той жасағанды қалай түсінерін білмеген жұрт дел-сал күйге түсті. Ертеректе той жасамақ түгілі, абыройын төккен қызды тірідей көмерге жер таппай қиналатын ата-ананың бүлк етпегеніне ағайын-тума күйінді.
Аузы батылдары айтқанда ата-анасынан естіген жауабы қақ бастан қойып қалғандай естен тандырды. Ешкім қызды кіналамады. Қызды аяды. Ата-ана эгоизмінің құрбанына айналғанын көріп, жандары күйінді.
Әке бауырлары жерге қарады
Ағайынды бесеудің ішіндегі босбелбеу ағаның да қылығы төрт бірдей інінің еоп, ағайынға еңсесін түсірді, ағайынға тіктеп қарай алмай, бүгежектетті. Намыс отына күйінгенімен, өз бауырының талабынан аттап кете алмаған қарындасқа қабырғасы қайысты.
Бесік тойға келген қыз жеңгесі өз кезегінде сөз берілгенде: "Мына тәтелерің секілді үйде бала тумаңдар!" деп, мектеп жасындағы екі қызын көп алдында сөгіп салмасы бар ма. Боркемік аға әйелінің сөзіне ыржиып күлді. Қыз байғұс жылап жібермес үшін маржан тістерін шие еріндерге аямай батырды.
Ағамен қоса қарындастың да тағдыры талқыға түскеніне жаны күйзелген ағайындар шапшыған бетпақ жеңгеге қарсы айтарға жауап таппай, дәрменсіздіктен жерге қарады. "Бұл неткен құрсауы құрыш тор шеңбер" деген сұрақ еріксіз туындайды екен.
Той үстінде ағайынның үлкені қызға қарап: "Қызым, неде болса нәрестенің бауы берік болсын. Қайтеміз, Құдайдың салғанына көнеміз де. Тым құрыса мына баланың руы қандай екенін білейік. Тегін жасырсаңдарда – тексіз таппаған шығарсыңдар. Елі қайдан болады?.." деп сұрады.
Жауапты естігісі келген жиылған ел тым-тырыс бола қалды. Күндердің-күнінде осы сұрақтың қойылатынын сезген қыз шешесіне қарады. "Кім екенін білмейміз. Білгіміз де келмейді. Қалауымыз – қызымыз бақытты болса, үйге еге болса болды" деп шешесі тоқетерін бір-ақ айтты.
Сырттай иеленіп жүрген үйдің өзіне бұйырмай қалу қаупін сезгендей: "Үйдің иесі – бәрібір біздің Болат!.." – деп жалғыз келін анадайдан шапшыды.
Біреуге – бас қайғы, біреуге – мал қайғы. Шәйін құйып бергісі келмеген ата-ененің артында қалатын үй-жайға әлден қожа боп, ел көзінше жариялап үлгерді. "Чо там, үйдің егесі мен екенім и так ясно?!" деген жалғыз ұл келіншегінің тасасында қоқиды.
"Немерелерін бағып беріп отырғаныма рақмет десін. Үйді осы бастан ұлыңа жаздыр. Не, қызың пәтерге шықсын!" деген құдағидың қосарлана шыққан дауысына келген қонақ ауыз ашты.
Жалғызбасты Ана
Тойға емес, қазаға жиылғандай күйге душар болған қонақтар кетер-кетпесін білмей састы. Ағайын арасындағы беделін боркемік аға балшыққа батырғанына күйінген іні: "Ұл мен қыздың азғындауының бәріне Сен кінәлісің! Ұлың күшік күйеу болғаны аздай, қызыңды оң босағада тудыртып, ұялмай той жасап отырсың. Шаңырақтың шайқалмауы – әке беделіне байланысты" деп күйінген бойы отырған жерінен шығып кетті.
Қатулана кетіп бара жатқан іні соңынан күллі ағайын көтеріле көшті. Жайнаған дастарқан басында жора-жолдастар мен тамыр-таныстар ғана қалды. Ұялмағандықтан емес – қызды аяғаннан.
Жалғыз ұлды төркініне күшік күйеу еткен келіннің де ақылшысы – анасы, һәм Әйел. Қызын оң босағада туғанын қалаған да – анасы, һәм Әйел. Егер, екі әйел екі жақтан ұл мен қызға тиым салса, мұншалық сорақылыққа жол берілмес еді.
Күшік күйеуге етіміз өліп еді, ендігі жерде оң босағада бала туғызып алғанға да етіміз үйрене бастады. Бұның аяғы қаншалық болмағы әлбетте біздердің – ересектердің ождан кодексіне кеп тірелмек. Тегеурін берерлік қауқарымыз қалды ма деген сұрақ мазалайды.
Ұлттың қаймағы бұзылмауына Еркек пен Әйелдің теңдей жауапты екенін ескермейтін күйге ұшырағанымыз – ұрпақ тәрбиесіне тікелей ықпал етуде. Ата-ана талабынан аса алмаған қыз жүрегін езген қасіретті есепке алмаудан асқан озбырлық болмас.
Қартайғанда жалғыз қалғаннан қорыққан ересектер қызының ертеңгісін қолдан жойып, жалғызбастының қамытын қолдан кигізді. Жаттан бетер қатыгездікпен бүр ашқалы тұрған қыз бақытын эгоизм аязына үсітті.
Қазақ бала-шағасын жетелеп, жол-жоралғысымен, салтанатымен төркіндеп келген қызын төрге отырғызған. Жиендерге қалаған малының құлағына ен салдырып, көңілін тапқан қазағымның ұрпағы қайда құлдырап барады?!
Көтеріле кетіп бара жатқан туыстарға жәудірей қараған қыздың көзі жасқа тұнды. Жігіт есін алардай шиедей еріндері күйініштен діріл қаққанын көре тұра кетуге пәрмендері жетпеді. Қыз жаны дүйім жұрттың ортасында алғаш рет жалғыздықтан жаурады.
Қалшылдай жаураған жанын жылытқысы кеп, нәрестесін баурына қыса түсті. Жәннәти иісін иіскеп тұрып, ата-анасы тірі тұрғанда "жалғызбасты ана" боп өтетінін ұқты. Өзін не ата-анасын аярын білмей, көзінен тамған ащы тамшы нәрестесінің кеудешесіне тамып жатты.
Сая ҚАСЫМБЕК