Ұлттық банк сайлаудан соң девальвация болмайтынын мәлімдеді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Девальвация болады деп дүрлігу орынсыз! Ұлттық банк өкілдері сайлаудан кейін теңге құнын жоғалтады деген қауесетке сенбеуге шақырады. Сондай-ақ, Еуразия экономикалық одағына мүше елдерде ортақ валюта - «алтын» айналымға енгізіледі деген алып-қашпа әңгіме де шындыққа жанаспайды. Ұлттық банк төл теңгенің ахуалы ұдайы бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KTK.KZ.
Әлеуметтік желіде таралған алып-қашпа әңгіменің сарыны осыған кеп саяды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ортақ валюта - «алтынға» көшеді деп жүргендердің нақты дәлелі немесе қаржылай тұжырымы да жоқ. Тек теңгенің аздап құнсыздануы сыбысқа түрткі болған тәрізді. Ал Ұлттық банктегілер жұртты қауесетке сенбеуге шақырады.
«Теңге бағамының әлісіреуіне бірнеше фактор әсер етті. АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме көлемінің өсірілуі, мұнай бағасының арзандауыі және т.б. себептер. Бұл жылда болатын құбылыс. Ақша айырбастау орындарына жүгірудің де қажеті шамалы. Жақын уақытта алтын айналымға енгізіледі деген мәселе тіпті күн тәртібінде де жоқ. Мұндай әңгіме мүлдем шындыққа жанаспайды», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.
Қазіргі уақытта ақша айырбастау орталықтарында бір доллар 385-386 теңгеден сатылып жатыр. Брент маркалы мұнай бағасының құны бүгін қымбаттап, 1 баррелі 61 долларға өсті. Экономистер әлемдегі қаржы, мұнай нарығындағы жағдай алдағы уақытта құбылмалы болады деген пікірде. Бірақ ұлттық валютаның күрт құнсызданып кетуіне әзірге ешқандай себеп жоқ.
«Теңге сәл құнын жоғалтуы мүмкін. Бірақ девальвацияның ауылы алыс. Метал, мұнай, газ, яғни әлемдік тауар нарығында баға құбылады. Ол біздің елге тікелей әсер етуі мүмкін. Дегенмен, бұл уақытша үрдіс. Жаз айы басталып, өзге валютаға сұраныс артқанын да назарға алған жөн. Көрші рубльдің тұрақты екенін де ескеру қажет», - дейді экономист Әкімжан Арупов.
Расымен де, қара алтынның құны төмендегеннен кейін, рубльдің долларға шаққандағы бағамы шамалы құнсызданған. Сарапшылардың айтуынша, ресми Кремль рубльді нығайту саясатына шындап кіріскен сыңайлы. Айта кетейік, осыған дейін мұнай бағасының құлдырауынан гөрі, солтүстіктегі көршіміздегі қаржылық ахуал теңгенің құбылуына әсер етті деп түсіндірілген еді.