Ұлы құпиялар төрттігі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Әлем аузында айтылып, талай кітаптың желісіне айналған аңыздардың жұмбағы шешілмеген күйде. Тарих қойнауына жыл мен ай өткен сайын тығыла түскен ең қызықты әрі қорқынышты аңыздар әркімге болсын қызықты. Ендеше әлемді дүрліктірген құпия аңыздар туралы сөз етіп көрелік...
Жоғалған Атлантида
Жер бетінен жоғалып кеткен Атлантида туралы аңыз көп. Бүгінге дейін ең ежелгі әрі қызықты құпия осы Атлантида шығар. Бұл ел цунамидің немесе жер сілкінісі кезінде су астында қалған деген дерек бар. Грек данагөйі Платон оны Гибралтар бұғазына жақын маңдағы үлкен арал етіп сипаттайды. Зәулім ғимараттары бар дамыған мекенде Посейден құдайының шіркеуі бар делінген. Оның бар-жоғын білушілер мыңдап табылғанымен, ешқандай да дәлел әлі күнге кездеспеген. Тарихшылардың Оңтүстік Америкада, Грек аралдарында немесе Антарктика тұстарында орналасуы керек деген болжамының күлі көкке ұшты.
Құпия саз
Солтүстік Еуропада табылған саз-балшық көлінен адамдардың денесі табылған. Саз ежелгі адамдардың денесінің бұзылмауына әсер еткен. Табылған денелер тас ғасырының адамдары деген болжам айтылды. Бұдан басқа, ғалымдар олардың өлтірілгенін айтып, мәлімет жасаған. Археологтар бұл адамдарды өз кезінде құрбан шалған немесе жазалау шараларынан қаза болғанын айтады. Бірақ мыңдаған өліктердің құпиясы әлі де ашылмай келеді. Айта кетсек, дәл осындай мүрделер Ирландия, Англия, Германия, Дания, Нидерландия елдерінен табылған.
Стоунхендж
Стоунхендж тастары б.з.д. 2500-3000 жылдарда Солсбери төбелерінде салынған. Бұл жерде салмағы 6 тоннадан асатын көптеген тас табылған. Олар арнайы түзіліп қойылған. Олар неолит дәуірінің адамдарының құрылысы болуы мүмкін дейді ғалымдар. Бұл тастардың не үшін салынғаны әлі күнге дейін белгісіз болып келеді. Кейбіреулер мұны мұзды қозғалыстың нәтижесі дейді.
Ал енді біреулер оны өзге ғаламның мақұлықтары жасаған деген сенімде. Емдік қасиеті бар деген болжам да ара-тұра айтылады екен. Ең көп қолдау тапқан теория – мола болған. Себебі бұл жерде 2008 жылы адамдардың қаңқа-сүйектері табылған. Ал олардың жасы неолит дәуірімен теңескен-мыс.
Артур король
Артур туралы аңыз: тасқа қадалған қылыш, адал дос Мерлин сияқты аңызға қатысты дүниелердің барлығы да дәлелденбеген. Қайбір деректерде Артур королінің ойдан шығарылған кейіпкер екені айтылады. Осы тұжырымды қолдаушылар аңызды ағылшын жауынгерлерінің рухын көтеріп, жігерлендіру үшін ғана ойлап табылған дейді. Жауабы нақтыланбаған мәселе әлі де өзектілігінен айырылмай келеді.
Аңыздарда оның сакстарды жеңіп, Англия, Исландия, Норвегия және Галлиялар елін құрғаны жайлы сөз болады. Оның өмірде болғанын растайтын да бір топ ғалымдардың барлығы мәселені одан бетер ушықтыра түседі.