Жалағаштық кәсіпкерлер жалғызбасты анаға баспана алып берді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында төрт балалы жалғызбасты анаға пәтер кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалағаш кентінде тұратын Гүлмира Ақылбаева төрт баланы тәрбиелеп отыр. Жалғызбасты ана Ораза айты мерекесінің алғашқы күнінде 2 бөлмелі үйге қол жеткізді. Бұл игілікті іске Жалағаш ауданы әкімдігі бастамашы болған.
Кілтті табыс еткен аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев: «Аудан кәсіпкерлері қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, әр мерекеде тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп келеді. Әкімдік тарапынан бірқатар кәсіпкерге осындай бір отбасына баспана алып беруге ұсыныс жасалған еді. Кәсіпкерлер бұл ұсынысты қолдап, бүгінгі Айт мерекесі қарсаңында пәтер кілтін табыстағалы отырмыз», - деді.
Өз кезегінде Г.Ақылбаева аудан әкімдігіне, демеуші азаматтарға алғысын білдірсе, кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев ақ батасын берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда аудан бойынша 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналар саны - 842, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері - 1077.
Бұдан бұрын Қызылорда қаласының білім бөлімі тұрмысы төмен отбасына баспана салып бергенін хабарлаған едік.