Лауазымына басымдық берілмейді - Біртанов дәрігерлерге берілетін пәтер жайлы
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бастапқы жарнасыз берілетін баспанаға медицина қызметкерлерінің қай санаты қол жеткізе алады? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, бүгін елордада Қазақстан ипотекалық компаниясы мен ҚР ДСМ, ҚР БҒМ арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімдерге қол қойылған болатын. Аталған келісімдер 3 мың мұғалім мен дәрігерді үймен қамтуды көздейді.
«ҚИК» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, пәтерлер алдағы 2-3 айда беріле бастайды. «Жалға берілетін пәтерді медициналық саладағы барлық маман иесі ала алады. Дәрігерлерден бөлек, медбикелер, ауруханаларда еңбек ететін мамандар, яғни есепшілер мен инженерлердің де өтінім беру құқығы бар. Яғни, лауазымы бойынша ешкімге ешқандай басымдық ешкімге берілмейді. Осыған дейін айтылғандай, өтінім берген медициналық қызметкердің және оның отбасы мүшесінде атында үй болмауы керек. Қысқаша айтқанда, баспанаға барынша мұқтаж қызметкерлерге маңыз беріледі», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспассөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, медицина саласында өтілі мен тәжірибесіне байланысты қызметкерлердің айлықтарының мөлшері әртүрлі.
«Қазіргі күні бізде мысалы дәрігерді алсақ, оның ең төменгі жалақысы - Үкімет қаулысы бойынша 78-80 мың теңгенің маңайында. Бірақ, осы 1 маусымнан бастап олардың айлығына 30 пайыз қосылады. Біздің медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы - 140-142 мың теңге болса, 1 маусымнан кейін 30 пайыз қосылып, ол 190 мың теңгеге жетеді. Әрине, күтіп отырған отбасыларды үймен қамтуға тырысамыз. Олардың тәжірибесі мол болғандықтан оларда мүмкіндік бар деген ойдамыз», - деді ол.