Жалағашта жаңа аурухана салынып жатыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағашта аудандық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын үш қабатты аурухана терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу сияқты бірнеше бөлімді қамтиды.
Ауқымды жұмысты құрылыс саласындағы тәжірибелі компания – «Әбу-Сер» ЖШС қолға алып, келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қазіргі таңда құрылыс басындағы жұмыстар қарқын алды. Мұнда 90 адам еңбек етуде. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 20-сы жалағаштық тұрғындар.
«Күнделікті жоспар бойынша жұмыстар атқарылады. Қазір жерді 3 блогты қазу, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Оны осы аптаның аяғында аяқтаймыз. Техникалар мен құрылысқа қажетті материалдардың барлығы жеткілікті», – дейді «Әбу-Сер» ЖШС-ның өкілі Қайыржан Жұмаділлаев.
Айта кетейік, бұған дейін Жалағаш кентінде 250 келушіні қабылдайтын типтік жобадағы үш қабатты емхана ғимараты бой көтерген болатын. Ол заман талабына сай медициналық құрылғылармен жабдықталған. 36 мыңға жуық жергілікті халыққа, бұлардан бөлек, 4 ауылдық аурухана, 10 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік, 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді.